ДИКТОР: Келер жылы Ақмола облысының зейнеткерлері алғаш рет санаторлық-курорттық емдеу орындарына жіберіледі. Бұл облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылмақ. 2 жылда 1 рет санаторлық – курорттық емдеуді өтеуге 30 айлық есептік көрсеткіш негізінде 117960 теңге бөлінеді.

РКС: Көкшетау қаласының тұрғыны Айсұлу Сейдалинаның жұбайымен шаңырақ көтергеніне жарты ғасыр болыпты. 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, қазіргі уақытта ұлын ұяға,қызын қияға қондырған жұп. Алғашқы еңбек жолын Қызылту ауданындағы Көбенсай ауылында 1976 жылы бухгалтер ретінде бастаған. Балаларынан 14 немере сүйіп отыр. Қолы қалт еткен уақытта Айсұлу апай қыз жасауы, үйдің ішкі қазақы безендірілуі, бірсалар, құда қоржындардан, жол сөмкелерден бастап тігіп алады. Тіптен бір бөлмесін арнайы тігін бөлмесіне айналдырған. Зейнеткерлікке шыққалы да 12 жыл болған. Осы уақытта бірде бір рет мемлекет тарапынан мұндай қолдаудың болмағанын айтып, соңғы жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдаған.

СНХ: АЙСҰЛУ СЕЙДАЛИНА, ЗЕЙНЕТКЕР: Не дейік тамаша. Біз өзіміз жылда балалар бізді жібереді курортқа. Жылда барамыз. Бірақ сонда да өте қуаныштымыз. Мына Щучинскға барсақ тиіп тұрған жер, басқа жерге барсақ. Өте қуаныштымыз. Марат Мұратұлына, расында жуырда ғана келді, бірақ сондай нәтижелі, жүрегімізге жағымды сондай нәрсе істеп жатыр. Әсіресе бізге, зейнеткерлерге. Біз енді жас өмірімізді жұмысқа салдық. Еліміз, жеріміз деп, көркейсін деп. Қазір мына атамыз 71-де, мен 70-темін. Шүкір дейміз, шүкір дейміз Аллаһқа, шүкір дейміз жастарға. Ұзақ өмір,мықты денсаулық тілейміз. Жұмыстары өне берсін,өрге баса берсін!

РКС: Қаңтар айынан бастап облыста алғаш рет Көкшетау қаласының зейнеткерлеріне санаторлық-курорттық емдеу үшін қаражат бөлінбекші. Бұл шараның шарапатын мүмкіндігінше аймақтағы зейнеткерлердің көп бөлігі көруі тиіс,-деп атап өтті облыс әкімі. Қазір облыс бойынша зейнет жасындағы қарттардың саны 115 мыңдай. Енді аудандарда да аталған бағытқа қаржы қарастыру көзделіп отыр.

СНХ: ЕРЛАН МҰХАМЕДИН, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша зейнет жасындағылар үшін алғаш рет санаторлық-курорттық өтемақы қаражаты қарастырылып отыр. Көзделген сомасы 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 118 мың теңге көлемінде. Осы жәрдемақыны алу үшін аудандық, қалалық жұмыспен қамту бөлімдеріне барып, қажетті құжаттардың тізбесін алу керек. Ол қай мерзімге беріледі? Барлық сұраққа жұмыспен қамту бөлімінде түсініктеме беріледі. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 50 процент, аудандық, қалалық бюджеттерден де осынша қосымша қаржы қарастырылады.

РКС: Облыстық бюджеттен бұл бағытқа 1,5 млрд теңге теңге бөлінді. Сондай-ақ, қарттар айлығы аясында зейнеткерлерге 2,5 айлық есептік көрсеткіш негізінде біржолғы жәрдемақы да төленеді. Айта кетейік, Ақмола облысы бойынша зейнет жасына жеткен 115 мың азамат бар. 4 мыңға жуық мүгедектігі бар жан тіркелген. 1,5 мыңнан астам тыл еңбеккері тұрады. Жалпы зейнеткерлерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға облыс қазынасынан 17 млрд. теңге қарастырылған. Қазір қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу рәсімі жүріп жатыр.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ