ДИКТОР: Көкшетау қаласының зейнеткерлері үшін жағымды жаңалық. Ертеңнен бастап олар алғаш рет қоғамдық көлікте тегін жүреді. Осылайша, Көкше шаһары Қазақстан бойынша осындай мүмкіндікті жүзеге асырған екінші облыс орталығы болып отыр.
РКС: Өңірде алғаш рет зейнеткерлерге қоғамдық көлікте тегін жүруге қаражат бөлу жоспарланған. Дерекке сүйенсек, Көкшетауда 60 жастан асқан қарттар саны 30 мыңнан асады.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Келер жылдан бастап алғаш рет зейнеткерлерімізді санаторлық-курорттық емдеуге және Көкшетау қаласы бойынша қоғамдық көлікте тегін жүруге қаражат қарастырылған. Осы мақсаттарға біз 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлеміз. Аймақтағы өзге қалалар мен аудандарда да бұл жобаны кең ауқымда жалғастыру қажет. Бұл біздің конституциялық міндетіміз. Мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі.
РКС: Қазір Көкшетаудағы қоғамдық көлікте жол жүру құны картамен төлеген кезде 100 теңге болса, қолма-қол ақшамен төлем бағасы 200 теңге. Күн сайын қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын зейнеткерлер үшін бұл сома қалтасына әжептәуір салмақ түсірері сөзсіз. Қала тұрғындары бұл бастама зейнеткерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай жақсы әсер етеді,-дейді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Бұл дұрыс шешім, көптен бері күткен. Бұл жағдаймен облыс әкімінің келгенінен бастап, сол кісінің жақсы ұсыныстарының бірі. Жақсы жұмыс істеп жатыр. Халыққа жасап жатқан жағдайлары жақсы. Ұнайды маған, әрдайым осылай болса, жаман болмайды.
- Жақсы болды. Зейнетақы жетпейді, сол себептен жақсы.
РКС: Аптасына екі-үш рет қоғамдық көлікті пайдаланатын зейнеткерлер айына 800-1200 теңгеге дейін қаржы үнемдейді. Ал күнделікті жүретіндердің қалтасында 3000 теңгеге дейін қалады. Ақмола облысында қарттарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға 17 миллиард теңге бағытталмақ.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.