ДИКТОР: Көкшетау қаласының тұрғыны Александр Соколов 30 жылдан астам кілт жасаумен айналысады. Бұдан бөлек оның ерекше хоббиі бар. Кілт жасау шебері көне самауырлар мен үтіктерді жинайды. Қазірдің өзінде оның коллекциясында 100-ге жуық зат бар.

РКС: 80-ші жылдары Александр тұрмыстық техниканы жөндеу зауытында жұмыс істеген. Кейін достары оның мототехникамен айналысатынын біліп, мотоцикл жөндеуді ұсынды. Мотоциклдің заманы өткеннен кейін кілттер жасауға, сонымен қатар самауырлар мен үтіктерді жинауға қызығушылығы артқан.

СНХ: АЛЕКСАНДР СОКОЛОВ, КОЛЛЕКЦИОНЕР: Біздің үйде ескі болса да жақсы бір самауыр бар еді. Бала кезімізде металл қабылдау орнына тапсырып жібердік. Кейін сол қылығым үшін қатты өкіндім. Қазір сол кездің сапалы самауырлары сирек кездеседі. Тарихты бағаламаймыз. Сол себептен де болар, самауырлар жинай бастадым. Тарихымызды есте сақтап, бағалауымыз керек.

РКС: Бір қызығы, коллекционердің жинағында тіпті 1800 және 1904 жылдары қолданған самауырлар бар. Кілт жасатуға келген киленттер мұражайға келгендей күй кешеді. Ал олардың таңданысынан мен шабыттанамын, құлшынысым артады,-дейді Александр.

СНХ: АЛЕКСАНДР СОКОЛОВ, КОЛЛЕКЦИОНЕР: Маған кілт жасатуға келген адамдар мұндай керемет дүниелерді мұражайға неге тапсырмайсыз деп айтады. Менің өзімнің мұражайым бар деп күліп жауап қайтарамын.

РКС: Александр он саусағынан өнер тамған шебер. Кілттерді жасаумен қатар, қолшатырларды да жөндейді. Зейнеткерлікке шыққанына бес жылдан асыпты. Сонда да қол қусырып қарап отырғысы келмейді. Самауырлар жинауды хоббиіне айналдырған. Өзім үшін емес, өз клиенттерім үшін жинаймын,- дейді ол.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.