ДИКТОР: Ақкөл ауданына қарасты Кеңес ауылында мұғалімдер әулеті тұрады. Кернеевтер отбасының еңбек өтілі 80 жылға жуық. Мұғалімдер әулетінің өкілі Гүлнәр Кернеева бастауыш сынып мұғалімі, өз ісінің маманы.
РКС: Гүлнәр Кернеева Кеңес ауылында дүниеге келген. Еңбек өтілі 40 жылға жуық. Гүлнәр Тілеуғабылқызының өзі осы ауылдағы орта мектептің түлегі. 10-сыныпты бітіргеннен кейін Целиноград педагогикалық училищесіне оқуға түсті.
СНХ: ГҮЛНӘР КЕРНЕЕВА, КЕҢЕС ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Педагогикалық училищені бітіргеннен кейін өз мектебіме жолдама алып, жұмыс істеуге келдім. Қазір бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеймін. Балалармен жұмыс істеуді өте жақсы көремін. Биыл 4-сыныпқа сабақ беріп жүрмін. Қазір білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингіне, яғни оқушылардың білім деңгейі бағаланатын бақылау тестілеуге жауапкершілікпен дайындалып жатырмыз. Мұғалім болу менің бала кезімнен арманым еді. Әке жолын жалғастырып келе жатқаныма қуаныштымын.
РКС: Педагогикалық әулеттің басында Тілеуғабыл Мұқайұлы Смағұлов тұр. Ол да осы білім ошағының түлегі. Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ берді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін осы мектепте еңбек етті.
СНХ: ГҮЛНӘР КЕРНЕЕВА, КЕҢЕС ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Әкемнің шәкірттері оның еңбегін жоғары бағалайды. Өйткені ол өз шәкірттерінің жақсы физикалық дамуына зор үлес қосты. Шәкірттері әлі күнге дейін мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен еске алады. Мектебіміздің көптеген түлегі, әсіресе ұлдар, әскерден кейін әкем туралы, оларды физикалық және әскери тұрғыдан дайындағаны туралы ризашылықпен айтып жүреді. Мен әкеммен мақтанам. Өзіме үлгі тұтамын.
РКС: Мұғалімдер әулеті ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Гүлнәр Кернеева қызы Айнаштың алғашқы ұстазы болды. Айнаш мектептің мақтанышына айналды. «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері. Қазір ол Астанадағы университеттердің бірінде 4-ші курс студенті. Президенттік стипендия иегері.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.