ДИКТОР: Денсаулық сақтау саласында биыл біраз жоба іске асырылды. Медицина нысандарының инфрақұрылымын жақсарту мақсатына 3 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат денсаулық сақтау мекемелерін жаңғырту мен күрделі жөндеу жүргізуге бағытталды.
РКС: Біржан сал ауданының Степняк қаласында емханамен біріктірілген аудандық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Атбасар ауданына қарасты Новосельское ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт те салынуда.
СНХ: НҰРЛАН АҚЫЛБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қоянды кентінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы іске қосылды. Атбасар ауданына қарасты Сочинское ауылында медициналық пункт салынды. Жалпы алғанда бұл халыққа сапалы әрі қолжетімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
РКС: Өңірде денсаулық сақтау нысандарын жоспарлы цифрландыру жүргізілуде. Желтоқсанның 1-індегі жағдай бойынша медициналық ұйымдарда компьютерлермен жарақтандыру 94 процентке тең. Облыстағы 570-ке жуық денсаулық сақтау нысанының 495-і интернет желісіне қосылған.
СНХ: НҰРЛАН АҚЫЛБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: "Әлеуметтік әмиян" және дәрілік заттарға қатысты да жобалар бар. Яғни, QR-код арқылы дәрілік заттарды сатып алуға болады. Қазір біз емханаларда тіркелу жүргізбес үшін Faсe ID жасауды жоспарлап отырмыз. Яғни, пациенттер Face ID пен QR-код арқылы кіреді. Осылайша олар қажетті дәрі-дәрмектерді ала алады. Сонымен бірге жоба аясында "Әлеуметтік әмиян" толығымен цифрландырылады. Қағаз құжаттарды айналымнан толығымен алып тасталмақ.
РКС: Жұмысшы мамандардың жетіспеушілігін шешуге ерекше назар аударылып отыр. Ақмола облысы бойынша 190 маман тапшы. Жылдың басында 244 жұмысшы қажет болатын.
СНХ: САЯТ ТОЛЫҚБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Биыл аймаққа 174 дәрігер тартылды. Оның 113-і ауылға, 61 дәрігер қалалы жерлерге және орта медициналық 269 қызметкер жұмысқа орналастырылды. Дәрігерлерді жұмысқа тарту үшін жыл сайын бізге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Биыл 110 дәрігер 2,5 миллион теңге көлемінде көтермеақы алды. Бұл сома қала бойынша. Ал ауылдық елдімекендерге 5 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қазір биыл келіп орналасқандарға төлем жасау үшін өтініштерді жинау жүріп жатыр. Сондай-ақ, келер жылы тым тапшы мамандықтар бойынша көтермеақы көлемін ұлғайту жоспарлануда. Қала бойынша 5, ауылды жерлерге баратындарға 8,5 миллион теңге көлемінде болмақ.
РКС: Медициналық ұйымдарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін жыл сайын облыстық бюджеттен резидентурада оқуға 35 грант, ал "Жалпы медицина" мамандығы бойынша білім алатындарға 50 грант бөлінеді. Бұдан бөлек, білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелердің әлеуетті түлектерімен үшжақты келісім-шарттар жасалады.
ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ЭДУАД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ