ДИКТОР: Ойынқұмарлық қазіргі қоғамның айықпас дертіне айналғалы қашан. Осындай құмар ойындарға бәс тігу үшін қазақстандықтардың 1 трлн. теңге жұмсағаны туралы дерек те бар. Талай тағдырды талқан еткен лудомания дертімен күресудің жолы бар ма? Тілшіміз Нұрсәуле Мұрат зерттеп көрді.
РКС: Еліміздегі ажырасулардың 40 проценті дәл осы жағымсыз әлеуметтік құбылыстың кесірінен орын алып отыр. Сондай-ақ, құмар ойынға жан-тәнімен кіріп кеткендердің қолымен жыл сайын 30 мыңнан астам қылмыс жасалады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ойынқұмарлыққа салынғандардың дені тепсе темір үзетін, отбасының жалғыз асыраушысы болып отырған жігіттер. Ойынқұмарлықпен күресу, оның жағымсыз салдарын түсіндіруге қатысты Ақмола облысында да кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
СНХ: МЕЙРАМ ҚАСЫМБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Нақты айтатын болсақ, 2020 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін 14 сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалы тіркелген. Сонымен қатар, жүйелі түрде қазіргі таңда превентивті жұмыстар жүргізілуде. Заң және тәртіп» жобасы аясында студенттермен университеттерде түсіндіру жұмыстары өткізіледі. Қазіргі таңда интернет-казино қатты дамыған. Интернет-казино парақшаларын бұғаттау жұмыстары жүргізіледі. Ағымдағы жылы 806 заңсыз парақшалары бұғатталды. Бұл жұмыс жүйелі түрде өткізіледі.Сонымен қатар бұл жедел іздестіру жұмыстары қашан да жүргізіліп жатады. Егер де қылмыстық-құқық бұзушылық болатын жағдайларда тергеп-тексеру істері материалы тіркеледі. Бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 107-бабымен көзделеді.Яғни заңсыз ойын-бизнесті ұйымдастыру. Бұған 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көрсетіледі.
РКС: Лудоманияға есі кеткендердің ішімдік пен нашақорлыққа тәуелділер санынан кем түсіп отырған жоқ. Ойынқұмарлардың көпшілігі жеңіл жолмен мол қаражатқа кенелем деген психологияның жетегінде кеткендер,-дейді мамандар. Енді бірі өзін күллі әлемде жалғыз қалғандай сезініп, ойынға салынып кетеді. Лудоманияның құрығына іліккендердің өз бетінше шыға қоюы екіталай. Біздің құпия кейіпкеріміз де солардың қатарында.
СНХ: БҰРЫНҒЫ ЛУДОМАН: Ойыннан от шығады,-дейді ғой аталарымыз. Осындай ойындардың басында атын естіген кезде қорқатын едім. Бірнеше рет достарымның қомақты ақша ұтқандарын көріп, қызығушылығым пайда болды. Әрине, басында ақша ұттым, екінші рет тіптен көп ақшаға қол жеткіздім. Сонымен құмарлығым басыма бәле болып, үлкен несиге, қарызға баттым. Соңында ештеңесіз қалып отырмын мен. Бірақ, барлығын кеш түсіндім мен. Өкінішті. Болашақ жастардың осындайға бармағанын, тіптен қызықпауын сұраймын. Әрқашан аулақ болыңыздар.
РКС: Тағы бір мәліметке жүгінсек, еліміз бойынша 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Ең қауіпті психологиялық дертке шалдыққандарды емдеудің жолын әлі ешкім тапқан жоқ. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «ойынқұмарлықты» ауру деп шешім қабылдап, денсаулыққа байланысты аурулар мен проблемалардың Халықаралық статистикалық жіктеушісіне де енгізді.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, МЕДАТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ