ДИКТОР: Бүгін Дүниежүзілік волонтерлер күні. Бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымының 1985 жылы жасаған ұсынысымен аталып келеді. Волонтерлер күні қарсаңында «Қызыл Жарты Ай бірлестігі» облыстық филиалының кезекті отырысы өтті. Жиында Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай қоғамының мемлекеттік құрылымдарға қатысты көмекші рөлі талқыланды.
РКС: Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай қоғамы – Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысының бір бөлігі болып табылатын Қазақстан Республикасы аумағындағы ең ірі гуманитарлық ұйым. Соның бірі Көкшетау қаласында орналасқан Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалы. «Қызыл Жарты Ай» қоғамы гуманитарлық салада мемлекетке көмекші ұйым бола отырып, мемлекеттік қызметтерге халық арасында апат қаупін азайтуға жәрдемдеседі, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтарға алғашқы көмек көрсетуде үлесі зор. Отырыс барысында «Қызыл Жарты Ай бірлестігі» облыстық филиалының жұмысына қатысты мәселелер қозғалып, алдағы уақытта мемлекеттік құрылымдармен өзара жұмыс істеу үшін бірқатар ұсыныстар айтылды.
СНХ:АСХАТ УӘЙІСОВ, ҚР ҚЫЗЫЛ ЖАРТЫ АЙ ҚОҒАМЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Биыл өңірлік деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызыл жарты Ай қоғамы төтенше жағдайлар қызметкерлерімен иық тіресе көмекке мұқтаж жандарға жәрдем көрсетті. Сондай-ақ біз әрбір аудан орталығына барып, жергілікті мектеп мұғалімдері, полиция, мемлекеттік қызметкерлерге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тренинг өткіздік. Қазір бізде 40-тан астам белсенді волонтерлер бар.
СНХ:ДАСТАН ЕРМЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Облысымызда қазір 89 волонтерлік ұйым бар, 3500 –дай волонтерлар. Бұл волонтерлар ұйымы – ең белсенді ұйымдардың бірі. Жыл басындағы су апаты кезінен бастап, біз бұл ұйыммен бірге жұмыс жасадық. Осы уақытта гуманатарлық көмек те жасадық. Қарттарға да көптеген көмек көрсеткен болатынбыз. Енді бұл жұмыс ары қарай жалғасатын болады.
РКС:Волонтерлік – негізінен жастар арасындағы белсенді қызмет. Жақсылық жасауға ниетті жастардың қатары жыл сайын артып келеді. Еркежан Құсайынов Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің 3-ші курс студенті. Оның волонтерлік жолы 2021 жылы басталды.
СНХ:ЕРКЕЖАН ҚҰСАЙЫНОВ, ВОЛОНТЕР: Осы 3 жыл ішінде мен көптеген шараларға, үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатыстым. Қызыл жарты ай қоғамында алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша волонтер-нұсқаушы болып, оқыту жүргіземін. Осы уақыт аралығында мектеп оқушылары, студенттер, жұмысшы қызметкерлер арасында оқыту-жаттығу жұмыстарын жүргіздім. Волонтерлік іс- қызықты әрі қауырт.
РКС:Атаулы күн шеңберінде өткізілген отырыс соңында белсенді жас волонтерлер алғыс хаттармен марапатталды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ