ДИКТОР: Соңғы 2 жылда сот шешімімен 180-ге жуық ақмолалық диқан жерінен айырылған. Бұған жер ресурстарын басқару жөніндегі облыстық департаменттің жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы талаптары негіз болды. Өз кезегінде мұндай фактілер аймақ экономикасына зиянын тигізеді. Сондай-ақ, бизнеске инвестиция салған жер пайдаланушылар да шығынға ұшырайды. Осыған орай, «Атамекен» өңірлік палатасының жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысы өтті.
РКС: Жиын барысында облыс прокурорының жаңа орынбасары таныстырылды. Марат Бақтыбекұлы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті. Бастапқыда бизнес қауымдастық заңсыз берілген және игерілмеген жерді мемлекет меншігіне қайтару идеясын оң қабылдағанымен, іс жүзінде бұл процесс халықтың наразылығын тудырды.
СНХ: РАСУЛ СЫЗДЫҚОВ, «АТАМЕКЕН» АЙМАҚТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қыркүйектің 2-де Мемлекет басшысы жер қатынастары саласында жер инспекциясы департаментінің агробизнеске қатысты талаптарына байланысты адал бизнесті саралау туралы тапсырма берді. Бұл шарадан Ақмола облысы да шетте қалған жоқ. Бізде бірнеше кәсіпкер іріктеуге түсті. Мемлекет басшысы айтқандай, жергілікті жерлерде жер пайдалану құқығын заңсыз алған кәсіпкерлер, егер олар парасаттылық тарапынан дұрыс пайдаланып, адал ниетпен қараса және ауданның дамуына үлкен инвестиция салса, онда тергеп-тексеру жұмыстарын тоқтату керек.
РКС: Біржан сал ауданында орналасқан серіктестік басшысы 10 жыл бұрын алынған учаскені игеру үшін жарты миллиард теңгеден аса қаржы салған. Қазір барлық несиелік міндеттемелерін өтеп, кәсіпкерлік қызметін заңды жүргізіп келеді. Кеңес мүшелері кәсіпкер қызметі адалдық талаптарына сәйкес екендігін атап өтті .
СНХ: ЖАСҰЛАН ҚОЖАНОВ, СЕРІКТЕСТІК ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: Осы жылдың қыркүйек айында жер телімдерін тәркілеу туралы сот шешімі шықты. Оның үстіне жер қатынастары бөлімінен сотқа дейінгі талап-арыз болған жоқ. ауызша да жазбаша да ешкім ескертпеді. Бізді сотқа шақырмады. 25 қарашада жер қатынастары бөліміне талап арыздан бас тарту туралы шешім шығарылды. Судья жер қатынастары қызметкеріне арызды заңсыз беріп жатқанын айтты. Алдымен заң бұзушылық анықталу керек сонда ғана өтініш бере алады.
РКС: Алдағы уақытта мұндай жағдайларды шешу үшін облыста арнайы комиссия құрылмақ. Бұл жер учаскелерінің адал иелері мен пайдаланушыларының құқықтарын қайтару туралы талаптардан қорғауды күшейтеді. Айта кетерлігі, жаңа органның типтік регламенті 17 желтоқсанға дейін әзірленуі тиіс.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.