ДИКТОР: Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің басшылығымен кездесті. Кездесу барысында университеттің өңірді дамытудағы жұмысы талқыланды.

РКС: Университет қабырғасында аймақтың проблемалары мен оларды шешу жолдары зерттеліп келеді. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу сияқты жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар экономика және туризм кафедрасының арқасында аймақтағы экотуризмі дамып келе жатыр. Университетте білім алатын студенттерге қолайлы жағдай жасау жоғары оқу орны басшылығының басым бағытының бірі. Кездесу барысында алдағы уақытта екі жаңа жатақхана ғимараты пайда болатыны атап өтілді. Сондай-ақ, университет жаңа гранттар үшін венчурлық инвесторларды іздеуде.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Бүгін университеттің қандай әлеуеті бар екенін айттық. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын қамтитын экологиялық кластер бар. Қалдықтарды басқару бағыты, экологиялық ағарту жұмысы және климаттың өзгеруі, су жүйелерін бейімдеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдармен, мектептермен жұмыс істейміз. Қонағымыздың азаматтық көшбасшылық жобалары біз үшін өте маңызды. Университетіміздің негізінде климаттың өзгеруі жөніндегі орталық құрып, орталығымыз арқылы жобаларды жүзеге асырғымыз келеді. Мұндай жобаларды енгізу жұмыс орындарын құруға ықпал етпек.

РКС: Университет басшылығы және профессорлық құраммен кездесуден кейін Нобель сыйлығының лауреаты білім берудің болашағы тақырыбында, сондай-ақ тұтынушылар мен қарапайым азаматтардың жауапкершілігі жөнінде дәріс өткізді. Дәстүрлі білімнің көп бөлігі және білім берудің болашағы сапаға баса назар аудара отырып, қайта тұжырымдалуы керек. Сонымен қатар Рае Квон Чунг климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның мәселелері 20-шы ғасырдың 40-50 жылдарында индустрияландырудың дамуымен басталғанын атап өтті.

СНХ: РАЕ КВОН ЧУНГ, НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ: Климаттың өзгеруі күрделі мәселеге айналуда. Баку қаласында біз климаттың өзгеруі бойынша конференция өткіздік. Бірақ тек қана үкіметтің басқаруы жеткіліксіз екені белгілі болды. Бізге тұтынушылар мен қарапайым азаматтарға жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік беретін жүйе қажет. Бірақ, өкінішке орай, бізде мұндай жүйе әлі жоқ. Бүгін мен өз жүйемді ұсынамын. Мен оны «Алдымен Мен» науқаны деп атаймын. Яғни, ең алдымен, әр адам өзінен бастауы керек. Бүгін бұл жүйе Ақмола өңірі үшін нені білдіретіні туралы айтып беремін.

РКС: Экология және жасыл экономика мәселелері бүкіл әлем үшін өзекті. Университет базасына негізделген Қазақстан-Корея өңірлік инновациялық орталығының жұмысы елдің экономикасы мен экологиялық жағдайына оң әсер ететіні сөзсіз.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.