ДИКТОР: Көкшетауда «Саналы ұрпақ» ерікті студенттік клубтарының облыстық слеті өтті. Жастардың арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шара интеллектуалды ойын форматында өткізілді.

РКС: Облыста барлығы 29 «Саналы ұрпақ» клубы бар. Жыл сайын өткізілетін аталмыш сайысқа Ақкөл, Атбасар, Бурабай, Сандықтау аудандарынан және Көкшетау қаласынан барлығы 7 команда қатысты.

СНХ: САҒЫНЫШ АЯҒАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет халық арасында, әсіресе балар мен жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған түрлі профилактикалық шараларды өткізуге ерекше көңіл бөледі. Жалпы Ақмола облысында «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» клубтары бар. Бұл клубтар жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық пен парасаттылықты насихаттауға бағытталған.

РКС: «Жеті қазына» интеллектуалды ойын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қатысушылар тақырып төңірегінде түрлі логикалық тапсырмаларды орындап, өздерінің зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

СНХ:ӘСЕТ МАҚТЫМ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Жастарға өте мағыналы, маңызды іс-шара болып келеді. Өйткені бұл жастарымызды рухани жаңғыртады. Еріктікпен айналысамыз, волонтерство, жемқорлыққа қарсы жобалар ашамыз. Соны жастарға үйретіп, көрсетеміз. Келешек ұрпаққа өте маңызды шара деп ойлаймын. Менің ойымша мұндай шаралар көп өту керек.

РКС: Слет қорытындысы бойынша Щучинск қаласының Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің командасы жеңімпаз атанды. 2-ші орынды Атбасар қаласының Аграрлық-индустриялық колледжі иеленді. 3-ші орын Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжінің командасына берілді. Жеңімпаздар ақшалай сертификат және дипломдармен марапатталды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ