ДИКТОР: Степногорск қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары уақытша мекен ететін баспана бар. Тағдырдың тәлкегімен орталыққа түскен жандарға «Өмір» әлеуметтік қолдау орталығының мамандары қол ұшынсозуда. Арнайы әлеуметтік қызметтерді «Женский луч» қоғамдық бірлестігі көрсетеді.
РКС: Облыста бұл орталық алғаш рет Степногорск қаласында ашылды. «Женский луч» қоғамдық бірлестігі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен 2015 жылдан бері жұмыс істеуде. Мемлекеттік тапсырыс аясында 2018 жылдан бері арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. «Өмір» орталығына хабарласқандардың бірі – төрт баланың анасы Ирина. Ол бұған дейін отбасымен үй жалдап тұрған, кейін күйеуі ақша таппай, әйеліне қол көтере бастаған.
СНХ: ИРИНА, "ӨМІР" ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ УАҚЫТША ТҰРҒЫНЫ: Мұнда 2024 жылдың 1 шілдесінде келдім. Қиын жағдайға тап болған кезде баратын жерім болмады. Амалсыздан осы жерге келдім. Мұндағы жағдай жақсы. Бізбен және балалармен психолог жұмыс істейді. Баламды балабақшаға орналастырды. Медициналық көмек көрсетеді. Тамағы жақсы.
РКС: Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына барынша жағдай жасалған. Әлеуметтік-педагогикалық, еңбекке үйрету және мәдени бағыттағы жұмыстар жоспарлы жүргізілуде. Мамандар жеткілікті. Жыл басынан бері 60 адамға көмек көрсетілген, оның 16-ы әйел, 44-і бала.
СНХ: НАТАЛЬЯ ШАВРОВА, "ЖЕНСКИЙ ЛУЧ" ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Орталыққа зардап шеккен әйелдер мен балалар келіп түседі. Сол үшін психологиялық жұмысқа үлкен мән береміз. Одан соң жұмысқа орналастыру және баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар атқарылады. Бұл жерде қажет болса әйелдерге тамақ пісіріп, кір жуу сияқты күнделікті тұрмыста керек жұмыстарға үйретеміз.
РКС: Қазіргі таңда орталықта 5 отбасы тұрып жатыр. Баспанаға мұқтаж жандарға «Женский луч» қоғамдық бірлестігі пәтер жалдауда. Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесіп, қатыгез жандардан қорғау үшін әрекет жасауда.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.