ДИКТОР: Ақмола облысы әкімінің 2024 жылғы 9 қарашадағы өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қала мәслихатының келісімімен Көкшетау қаласының әкімі болып Әнуар Қайыргелдіұлы Күмпекеев тағайындалды. Әнуар Күмпекеев 1984 жылы маусымның 11-інде Павлодар қаласында дүниеге келген. «М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін» бітірген, Ұлыбританиядағы Брэдфорд университетінің экономикалық саясат магистрі, «Болашақ» халықаралық Президент стипендиясының түлегі. Еңбек жолын 2005 жылдың қыркүйегінде денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы департаментінің жетекші маманы болып бастады. 2007 жылдан бастап «Ұлттық биотехнология орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны стратегиялық даму департаментінің директоры, маркетинг және коммерцияландыру департаментінің директоры, 2009-2012 жылдары «Қазақстандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жаңғырту және дамыту орталығы» департамент директоры, акционерлік қоғамының басқарушы директоры болып жұмыс істеді. 2012 жылы Степногорск қаласы әкімінің орынбасары, ал 2015 жылы қаланың әкімі болып тағайындалды. 2018 жылы Павлодар қаласының әкімі лауазымына ауысты. 2019 жылдан бастап «Транстелеком» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының кеңесшісі, кейін орынбасары болып жұмыс істеді. 2024 жылдың тамыз айынан бастап Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды.