ДИКТОР:Степногорск қаласында мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ жүйке жүйесі сырқатына шалдыққан бірінші, екінші топтағы мүгедектерге, церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтуға арналған 2 орталық жұмыс істейді. Бұл жерге негізінен 18-ден асқандар келеді. Сондай орталықтың бірі ерекше қажеттілігі бар 30 ересек адамға қызмет көрсетеді.

РКС:Оңалту орталығының мейірімді әрі білікті қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолдау көрсетеді. Бірге уақыт өткізіп, өзара жылы достық қарым-қатынас орнаған. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қариялары үшін ерекше қажеттілігі бар азаматтар қарттарды қолдау айлығы аясында мерекелік бағдарлама әзірлеген.

СНХ:ФАРИДА ЕСЖАНОВА, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгінгі мерекелік шарада бізді құттықтап, ән айтып, би билеп, мереке көркін қыздырды. Өте мейірімді, шуақты балалар өз қолдарымен сыйлық та жасаған. Біз де оларға тәтті сыйлықтарымызды дайындап қойдық.

РКС: Оңалту орталығында жеті маманнан тұратын топ жұмыс істейді. Олар дәрігер, массажист, логопед-дефектолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, тәрбиеші және директор. Әрқайсысы мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөліп, жан жылуын аямайды. Бұл орталық сүйіспеншілік, қамқорлық көрсету, сондай-ақ ішкі кедергілерді жойып, олардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

СНХ:ДИНАРА СӘДУАҚАСОВА, «МАЛИКА» МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АДАМДАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Орталықты мейлінше үй жағдайындағыдай етіп жасақтадық. Отбасылық жылулық сезіліп тұрады. Себебі олар бір-біріне қатты бауыр басып қалған. Бәрі көптен бері осы орталықта ем алады. Бұған дейін «Балапан» қоғамдық бірлестігі болды. Қазір «Малика» үкіметтік емес ұйымы. Мұндай орталықтар ерекше жандар үшін өте қажет. Мұндай шараларды жиі өткізіп тұрамыз.

РКС: Осымен екінші жыл қатарынан белсенді ұзақ өмір сүру орталығы «Малика» қоғамдық бірлестігіне қонаққа келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар қашан да оларды қуана қарсы алады. Оңалту орталығының директоры балалардың бойында үлкенге құрмет көрсету әдебі қалыптасқанын атап өтті. Жазғы уақытта олар үшін белсенді демалыс ұйымдастырылады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ