ДИКТОР: «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слеті өтті. Кездесудің басты міндеті өскелең ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Іс-шара Сандықтау ауылындағы «Жас Дәурен» балалар сауықтыру лагерінде өтті.

РКС: Кездесудің негізгі бөлігі басталмас бұрын облыстық слеттің салтанатты ашылуы өтті. Кей қатысушылар шығармашылық тұрғыда өз өнерін ортаға салды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Іс-шараға Сандықтау, Атбасар, Зеренді, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласы мектептеріндегі 7-8 сыныптың 80-ге жуық оқушысы қатысты. Ашылу салтанатынан кейін қатысушылар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыбында ойын өткізілді. Оқушылар 5 адамнан жасақталған 5 командаға бөлінді. Әрқайсысы өз аймағын қорғады. Зияткерлік викторинада балалар түрлі жұмбақ шешіп, сыбайлас жемқорлық тақырыбындағы сұрақтарға жауап берді.

СНХ: ЖАНСАЯ БАЛТАШ, «ЛЬВИЦЫ» КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ (КӨКШЕТАУ): Біз ойынды жаңа ғана аяқтадық. Бұл ойында карточкадағы тапсырмалар бойынша елдерді тауып, оларды дұрыс орналастыру керек болды. Содан кейін бізге сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама бойынша басқатырғыштар жинау керек болды. Ойын өте оңай және қызықты өтті.

РКС: Ойын соңында қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды. Зияткерлік кездесудің қорытындысы бойынша Көкшетау қаласынан «Львицы» командасы үздік атанды. Екінші орынды Бурабай ауданының «Мегамозг» отрядының қатысушылары иеленді. Көшбасшылар үштігін Сандықтау ауданының «Жабай» командасының оқушылары түйіндеді. Оларға дипломдар мен сыйлықтар берілді. Қалған қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ. Зеренді және Атбасар аудандарының балаларына алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

СНХ: АЯНАТ КАМАРИДЕН, «ЛЬВИЦЫ» КОМАНДАСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ (КӨКШЕТАУ): Біз бірінші орынды иелендік. Ойын өте қызықты өтті, өте қиын болған жоқ. Ойындардың барлығы елімізде сыбайлас жемқорлық болмас үшін сыбайлас жемқорлық тақырыбында болды. Менің ойымша, бұл біздің уақытымыз үшін өте пайдалы ойын. Осында екі күн бұрын келдік, мұнда 4 күн демалып жатырмыз. Бәрі де жақсы. Өте жақсы лагерь.

СНХ: ӘДІЛЕТ КЕНЖЕБЕК, «МЕГАМОЗГ» КОМАНДАСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ (БУРАБАЙ АУДАНЫ): Бірінші ойында мен 1424 деген санды тауып алдым. Ол антикор номерін білдіреді. Және осы интеллектуалды ойын маған өте ұнады. «Адал ұрпаққа» көп-көп рақмет. Маған сыйлықтары да ұнады. Және осы лагерьде өте қызықты әрі пайдалы деп ойлаймын.

РКС: Ұйымдастырушылар осындай іс-шаралар оқушылар арасында әдептілік пен адалдықты қалыптастыруға, сондай-ақ құқықтық білімді бойларына сіңіруге мүмкіндік беретінін айтады.

СНХ: АМАНЖОЛ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ағарту жұмыстарына көп көңіл бөлінеді. Бізде жалпы білім беретін мектептерде «Адал ұрпақ» клубтары құрылды. Жоғары оқу орындары мен колледждерде «Саналы ұрпақ» клубтары жұмыс істейді. Биыл облыста «Адал ұрпақ» слеті тұңғыш рет аудан орталығында өтуде.

РКС: Бүгінде өңірдің білім беру мекемелерінде 500-ден астам «Адал ұрпақ» клубы жұмыс істейді. Олар мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде тәрбие жұмысының модельдік жоспарын орындау мақсатында құрылған. Айта кетейік, қазір күзгі демалыс кезінде кей оқушылар лагерьлерде демалып жүр. Олардың бос уақыты мен қауіпсіздігіне баса назар аударылуда.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.