ДИКТОР: Күзгі-қысқы маусымның басталысымен жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтыру дерегі артады. Мамандар тұмау және басқа вирустық ауруларды асқындырып алмау қажеттігін ескертеді. Өйткені, оның соңы орны толмас өкінішке әкеліп соқтыруы мүмкін.

РКС: Сарапшылар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұқпалы респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанғандар санының біршама төмендегенін айтып отыр. Облыс аумағында эпидемиологиялық жағдайды қалыпта ұстаудың бірден-бір амалы – тұрғындарды уақытылы вакцинациялау.

СНХ: АЙНАГҮЛ МУСИНА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Ол ең алдымен аурудың алдын алуға әсер етеді. Жалпы, бізде республика бойынша кемінде тұрғындардың 10 процентін қамту қажет. Қазір облыс бойынша 84 мың адам екпе алды. Халықтың қауіпті тобына жататын азаматтарына вакцина салынуда. Олар жүкті әйелдер, балалар және медициналық-әлеуметтік мекемелердегі ересектер, денсаулық сақтау саласында еңбек ететін мамандар, созылмалы аурулары бар балалар мен ересектер.

РКС: Сырқаттың алдын-алудың қосымша шараларын елемеуге болмайды. Жедел респираторлық вирустық инфекциядан қорғанудың қарапайым және тиімді әдістерінің қатарына қолды үнемі жуу, үй-жайларды желдету, үйлер мен кеңселердегі ауаны ылғалды ұстау жатады. Сондай-ақ дұрыс тамақтану және физикалық белсенділік арқылы иммунитетті нығайту қажет.

СНХ: АЙНАГҮЛ МУСИНА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: 16 тамызда жедел респираторлық вирустық инфекция мен тұмаудың алдын алу шараларын, сондай-ақ маска режимін қамтитын коронавирустық инфекцияны күшейтуге қатысты қаулы шықты. Егер бұған дейін маска кию аурудың өсуіне байланысты ғана жүзеге асырылса, қыркүйектен бастап маска режимі енгізілді. Мектептерде сүзгі кабинеттері де ұйымдастырылған. Егер сыныптағы балалардың 30 проценті сырқаттанса, онда сынып толығымен қашықтан оқыту формасына ауыстырылады.

РКС: Медицина мамандары тұмауға қарсы екпе өңірдің барлық тұрғынына қолжетімді екенін еске салып, әсіресе суық түсердің алдында вакцинациядан өтуге шақырады. Дәрігерлер бұл шаралар дененің иммундық реакциясын қалыптастыруға ықпал ететінін және аурудың қаупін біршама азайтатынын айтады.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ