ДИКТОР:Қазанның 19-ы Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен қазақ азаматы, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толды. Батырдың туған жері, Қосшы қаласының құрамындағы Тайтөбе ауылында ғасырлық мерейтойының құрметіне орнатылған мүсіні мен саябақ ашылды.

ИНТЕРШУМ:

РКС:Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов, Қорғаныс Министрі Руслан Жақсылықов, батырдың қызы Әлия Қошқарбаева қатысты. Аймақ басшысы ескерткіштің орнатылуы қаһармандық пен Отанға адал қызмет еткен адамға деген құрмет екенін ерекше атап өтті. Майданға 18 жасында аттанған Рақымжан Қошқарбаев ерлік пен батырлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Одар мен Шпрей өзендерін басып алуға қатысып, Берлин үшін шайқаста оның взводы алдыңғы шепте болды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Аты аңызға айналған жерлесімізге ескерткіш ашу біз үшін үлкен мәртебе және абырой. Бүгінде оның есімімен елдің көптеген қалаларында көшелер, сондай-ақ әскери оқу орындары аталған. Ақмола облысында Рақымжан Қошқарбаевқа есімі ұлықталып, 16 көше, Целиноград ауданында ауылдық округ пен ауыл, Қосшы қаласында мектеп батырдың есімімен аталады. Даңқты жерлесіміздің ерлігі мен елдігін насихаттау мақсатында ашылған ескерткіш пен саябақ Тайтөбе ауылының сүйікті демалыс орнына айналатынына біз сенімдіміз. Бейбітшілікті мақсат еткен егемен еліміздің абыройын асқақтата түсетін қуанышты күндер, ағайын, көп болсын! Батыр бабамыздың ескерткіші қүрметті ағайын, құтты болсын!

РКС: Рақымжан Қошқарбаев 1942 жылы өзі туған ауылынан әскер қатарына алынып, 1944 жылы Фрунзедегі жаяу әскер училищесін бітірген. Ұрыс даласына да дәл осы жылы аттанған. 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взводты басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан. 1945 жылы сәуірдің 30-да лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов екеуі Совет әскері арасынан Берлиндегі Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тікті. Екеуі Рейхстагқа дейінгі 300 метр қашықтықты 7,5 сағат жүріп өткен. Соғыс аяқталғаннан кейін 2 жылдан соң елге оралды. Түрлі қызмет атқарды. 1988 жылдың 10 тамызында дүниеден өтті. 1999 жылы Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Қазақ елі қайсар ұлдарының көптігімен мақтана алады.Солардың қатарында менің де әкем бар,-дейді батырдың қызы.

СНХ: ӘЛИЯ ҚОШҚАРБАЕВА, ҚЫЗЫ: Біздің бүгінгі бақытты күніміз үшін осындай батырлар жауға қарсы қасқайып тұрып қорғады. Сондықтан олардың ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Ашық аспан үшін мәңгілік қарыздармыз. Бүгінгі шара соның айқын дәлелі дер едім. Бейбіт өмірдің қандай жолмен келгенін жастар ұғынса екен деймін. Жеті атасына дейін ата-бабаларының ерлігін білулері тиіс. Қан майданда қасық қаны қалғанша жаумен шайқасқан батырларды есте сақтаулары керек. Ешқашан жадымыздан өшпейтін естелік.

РКС: Айта кетейік, мүсін мен саябаққа облыстық қазынадан 70 миллион теңге жұмсалды. Саябақтың аумағы 1200 шаршы метр.

ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ