ДИКТОР: Аймақта егін жинау науқаны аяқталды. Өңірдің диқаншылары 6 миллион 600 мың тонна өнімді қамбаға құйып алды. Бұл соңғы онжылдықтағы жақсы нәтиже. Бұл туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов пен өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорны директорларының қатысуымен өткен үйлестіру кеңесінің отырысында белгілі болды. Кездесу Александр Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығында өтті.

РКС: Өңір басшысы Марат Ахмтжанов мұндай жоғары көрсеткіш соңғы рет 2011 жылы болғанын атап өтті. Диқаншылар қысқа мерзім ішінде күн-түн демей, ауа райының әрбір қолайлы сәтін ұтымды пайдаланып, алтын дәнді төкпей-шашпай жинап алды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың да зор болғанын айта кеткен жөн.

СНХ:МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында арзандатылған дизель отынымен толық қамтамасыз етілді. 20 млрд. теңгеге жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алдық. Соның нәтижесі міне, осындай жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

РКС:Өңірдегі ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорынның бірі - Егіндікөл ауданындағы «Ушаково-Агро» серіктестігі. Егістік алқап көлемі 24 мың гектардан астам.

СНХ:РУСЛАН ЫСҚАҚОВ, «УШАКОВО-АГРО» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Күзгі егін орағы басталған сәтте біраз қорқыныш болғаны жасырын емес. Бірақ ауа райы сараңдық танытқан жоқ. Гектарынан 20-25 центнерден өнім алдық. Танап басында 24 комбайн жұмыс істеді.

РКС: Жиын барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де еске салды. Шаруалардың еңбегі мен жұмысының нәтижесі халықтың өмір сүру сапасының артуына әсер етуі тиіс екенін атап өтті.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ