ДИКТОР: Орман- еліміздің басты байлығының бірі. Баға жетпес экологиялық және экономикалық ресурсы. Ұлттық игілігіміз. Жыл сайын қазанның үшінші жексенбісі орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Орманшылар әулеті де Ақмола облысында өте көп. Солардың бірнешеуімен тілшіміз кездесіп қайтты.

РКС: Ақмола облысындағы орман қорының аумағы 1 миллион гектардан асады. Орман шаруашылығының 13 мекемесі мен 2 мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар. Оларда 2 мыңға жуық маман табиғат байлығын қорғау күзетінде. Аталған салада тұтастай әулет бірнеше ұрпаққа жалғасып еңбек етіп келеді. Айта кетейік, Ақмола облысы бойынша 50-ден астам орманшы әулеті еңбек етеді. Олар ұрпақтар сабақтастығына ұласқан деуге болады. Асқаровтар әулетінің орман шаруашылығындағы еңбек өтілі 70 жылдан асады. Кезінде отбасының атасы Асқар Сопыбеков саналы ғұмырын табиғаттың байлығын көзінің қарашығындай қорғауға зор үлес қосқан. Одан тараған ұрпақ Қайролла Асқаров та осы салаға осыдан 40 жыл бұрын әкесінің жолын жалғастыруға келіпті.

СНХ: ҚАЙРОЛЛА АСҚАРОВ, ШОҚАН УӘЛИХАНОВ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Әкем Октябрь орман шаруашылығында еңбек етті. Қазір осы салада біздің отбасының үшінші ұрпағы еңбек етіп жатыр. Мен әкемнің ізін жалғасам, қазір балам менің жолымды таңдап, қызметте отыр. Болашақта немерелерім орман шаруашылығы саласындағы біздің соңымыздан ере ме деп үміттенемін.

РКС: Орманшылар әуелітінің үшінші ұрпағы - Ардақ Асқаров. Бұл салаға 2006 жылы келіпті. Мектепте оқып жүрген кезінде сабақтан қашып кетіп, әкеммен бірге орман аралап кеткенді жақсы көретінмін деп еске алады. Ардақ қазір «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Айыртау филиалын басқарады. Орман шаруашылығының тарихы 1898 жылдан басталады. 46 мың гектардан астам алқапты алып жатыр.

СНХ: АРДАҚ АСҚАРОВ, ОРМАНШЫЛАР ӘУЛЕТІНІҢ ҮШІНШІ ҰРПАҒЫ: Әкемнен үнемі қалмайтынмын. Кішкентайымнан бәрін көріп өстім.Заңсыз ағаш кескенді, браконьерлікті бала кезімнен көзіммен көрдім. Орман өрті жиі орын алатын. Сол кезден бастап осы сала ұнады, сондықтан саналы түрде таңдадым.

РКС: Асқаровтар әулетінде орман шаруашылығы саласына төртінші ұрпағы келуі мүмкін. Өйткені, Ардақтың ұлы Әлихан да болашақта орманшы болуды армандайды. Өмірін осы салаға арнап, ағашты өлкені аялап, молайтуда барын салып жүрген жандар аз емес. Солардың қатарында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орманшы болып еңбек ететін Айдос Күлболдинов та бар. Қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында бел жазбай еңбек етіп жүрген азамат. Бұл төңіректе Айдос Күлболдиновтың табаны тимеген жер аз. Орманды күндіз-түні жаяу аралайды. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығын да елемейді, еті үйренген.

СНХ: АЙДОС КҮЛБОЛДИНОВ, ОРМАНШЫ: Бір жыл орманшы болғаннан кейін, бір жыл жұмыс істегеннен кейін ақырын-ақырын үйреніп, сосын басқа жұмысқа барғың да келмей қалады. Орман ол кісіні тарта береді. Ағашымен, аңдарымен, құстарымен. Көргеннен кейін қызықтандырып, бұдан басқа жұмыс жоқ сияқты болып кетеді.

РКС: Кәсіби орманшының жұмысы қауырт. Күн суыса, жан-жануарларға азық дайындайды. Орманның әр шетінде орналасқан науаларға қиыршық тұз әкеледі. Пішен жинап, сыпыртқы буады. Өзімен бірге балаларын, немерелерін де алып жүруді әдетке айналдырған. Оларға жануарларға қамқор болуды, ел байлығын қызғыштай қорып, табиғатпен тілдесуді үйретеді.

СНХ: АҚМАРАЛ ДҮЙСЕМБАЕВА, ҚЫЗЫ: Бос уақытымызда әкеммен бірге орманға барып, бұтақ жинаймыз. Әкеммен жұмысқа барамыз. Мен әкеме әрдайым көмектесемін. Көптеген жануарларды көреміз. Біз оларды тамақтандырамыз.

РКС: Айдос Күлболдиновтың бұл салада еңбек еткеніне 30 жылға жуықтады. Білген-түйгені аз емес. Кәсіби орманшы адамзат баласының баға жетпес байлығын қорғап, аялау қажеттігін балалары мен немерелеріне де әрдайым айтып отырады. Қазір «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі орман алқабын қорғаумен 250-ге тарта орманшы айналысады. Олар жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, жасыл желекті сақтап, молайтуға барын салып жүр. Осындай адамдардың қажырлы еңбегінің арқасында табиғат Анаға еш қауіп жоқ деп айтуға болады. Өйткені, табиғат пен жануарлар әлемі кәсіпқой мамандардың қолында.

ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ