ДИКТОР: Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ардагері, Шортанды ауданының құрметті азаматы Бектас Кәрімұлының «Жауырындағы сырлы өнер» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.

РКС: Бектас Кәрімұлы 1960 жылы Моңғолия жерінде туып, көркемөнер училищесін тәмамдаған. Тарихи отанына оралғаннан кейін 2005 жылдан Шортанды ауданындағы Мәдениет үйінде жұмыс істеп келеді. 2014 жылдан бастап қолөнерлік, сүйек зергерлігімен шығармашылығын жалғастыруда. Астана қаласында, Моңғолияда, Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Ресейде өткен халықаралық қолөнер көрмелерінде бас жүлдені еншілеген.

СНХ: БЕКТАС КӘРІМҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Қара малдың, ұсақ малдың жауырын сүйегінен жасалған жұмыстар негізінде. Бұл сүйек басқа сүйекке қарағанда ерекше, бір қазақ тарихында ырымдайтын болғандықтан, менің таңдауым осы сүйекке шығармашылық жұмыс жасау болды. Қазақ елінде мына өзіміздің ұлттық көнедегі сүйек зергерлігін жаңғырту, оны ары қарай дәріптеу, келер ұрпаққа жалғастыру мақсатында бір игі іс жасап жатқан шебердің бірімін.

СНХ: БАҚЫТБЕК БЕКМҰРАТҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Өнер адамының шығармашылығын көпшілікке насихаттау, жастарды, қала қонақтарын мәдени ошақтарға, музейлерге тарту және еңбек адамының шығармашылығын насихаттау. Бұл кісінің суретшілігімен қатар қолөнер шеберлігі де көпшіліктің биік талғамынан шығып жатады.

РКС: Сүйектен жасалған қолөнер туындылары ерекше шабыт пен ғажайып әсерге бөлеп, алыстан көз тартады. Олай дейтін себебім, шебердің қолынан шыққан барлық туынды бірінен-бірі өткен ұлттық нақыштағы теңдессіз шығармалар. Суретші әр жұмысына шамамен бір ай уақыты кеткенін айтады. Шебердің триптих, кенептегі майлы бояу суреттерімен қатар, сүйектен жасалған «Қорқыт», «Қобызшы», «Көкқұтан», «Күш атасы-піл», «Азаттық» жұмыстары қанша маңдай тер мен ізденісті қажетті еткені айтпаса түсінікті. Көрмеге жиналған қауымның да ұйымдастырылған шарадан алған әсері мол.

СНХ: АЛТЫНАЙ НҰРҒАЛИЕВА, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Суретші, қолөнер шебері, дизайнер Бектас Кәрімнің көрмесіне келіп тұрмыз. Көрме маған өте ұнап тұр. Көркемсурет өнерінің шебері екені көрініп тұр.Сүйектен, әртүрлі жануарлардың қойдың,сиырдың, жылқының, түйенің жауырындарынан өте керемет композициялар жасаған. Өте тартымды, шебер, өнер өте қиын инемен құдық қазғандай, өнерін өте бағалаймын. Суреттері де әртүрлі тақырыптарға салынған. Аңшылыққа, Қазақстанның тәуелсіздігіне өте күрделі жақсы көрме.

РКС: Көрме соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова жүрекжарды лебізін айтып, арнайы сый-сыяпатын тарту етті. Шарада құйқылжыған әсем ән де, ақжарма тілектер де айтылды.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ