ДИКТОР: Облыстық прокуратура өкілдерінің қатысуымен қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Дөңгелек үстел басындағы кездесуде қазіргі қоғамның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кибер алаяқтық, синтетикалық есірткіні тарату, сондай-ақ кәмелетке жасы толмаған жастар арасындағы қылмыстық іске байланысты бірқатар өткір мәселе қаралды.

РКС: Қоғам арасындағы барлық жастағы азаматтарға әсер ететін өзекті мәселенің бірі - кибер алаяқтық жағдайларының көбеюі. Интернет алаяқтар соңғы уақытта өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректерін иемдену арқылы алдаудың жаңа әдістерін қолданып жүр. Жиынға қатысушылар қоғам арасында кибер сауаттылықты арттырудың маңыздылығын атап өтті.

СНХ: ЕРМЕК МАНАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ КРИМИНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Интернет алаяқтықтың түрлері күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Жыл басынан бері кибер алаяқтықтың 850-ден астам фактісі тіркелді. Азаматтарға келтірілген залал сомасы үлкен. Сондықтан интернет-алаяқтықтың алдын алу шараларын білу маңызды. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін ең алдымен интернет желісінде сақтық шараларын қолданған жөн. Интернет алаяқтар көбіне азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары немесе ұялы байланыс операторлары ретінде таныстырады. Кейін банк картасы бойынша немесе азаматтардың жеке шотына байланысты күдікті операцияларды орындауға сұрайды. Мұндай кезде ешқандай ақпарат айтпай, дереу телефонды қойған жөн.

РКС: Сондай-ақ, жастардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін синтетикалық есірткі мәселесі де талқыланды. Прокурорлардың айтуынша, есірткі заттарының интернет арқылы таралуына қарсы күресті күшейту шаралары жоспарланып отыр.

СНХ: ЕРЛАН БАРЖАҚСИН, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Бүгінгі таңда - бұл қоғамның қасіреті. Үлкен мәселе. Біз жыл сайын есірткі заттарын жасырып сатумен айналысатын фактілерді анықтаймыз. Дегенмен де, есірткі қылмысы бойынша бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Биыл біз есірткіге қатысты 100-ден астам қылмыстық құқық бұзушылықты анықтадық. Көбіне есіркіні телеграм арналары арқылы сатады. Ал оны анықтау біраз қиынға соғады.

РКС: Жиында кәмелетке жасы толмаған жастарға қатысты қылмыстық істерге де назар аударылды. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейту, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту жөніндегі шаралар талқыланды.

СНХ: ЕРЛАН БАРЖАҚСИН, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Былтыр бізде 70, ал биыл 95 қылмыстық іс тіркелді. Яғни зорлық-зомбылыққа тап болып, зәбір көрген балалардың саны артып келеді. Жыныстық қолсұғылмаушылыққа қатысты бөлек сұрақтар бар. Тергеудің құпиялылығына байланысты әрбір нақты іске тоқтай алмаймыз. Сондай-ақ біздің басқарма жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын-алу жолдарымен айналысады.

РКС: Жиын барысында қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарды ортаға салып, көтерілген мәселелермен күресте бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныстарын айтты. Жиналғандардың пікірінше, қоғамдық кеңес пен прокуратураның бірлескен қызметі алдағы қауіп-қатердің алдын алуға және азаматтарды қорғауға бағытталған.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ