ДИКТОР: Абылай хан орда тігіп, Арқада алты алаштан ән оздырған, сал-серілер мекені киелі Көкше жерінде Қазақстанның халық ақыны, қазақ ақындарының көш бастар абыз ақсақалы атанған Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына орай керемет өнер кеші өтті. Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Көкшенің көк семсері Көкен ақын» атты қазақ пен қырғыз елінің айтыс ақындары мен дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері арасындағы халықаралық аламан ақындар айтысы өтті.
РКС: Тұнба бұлақтай мөлдір өнерді халыққа жеткізіп келген, табиғи дарын иесі, өзінің ақындығымен Көкшетаудың асқарын аспандатып, айбатын асырған айтыс өнерінің белді иесі Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналған ақындар айтысына Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Мұхамед Қонқаев, Нұрлан Есенқұлов, Аспанбек Шұғатаев сынды қазақ елінің жүйрік ақындары, сонымен бірге көршілес қырғыз елінің төкпе ақындары Амантай Кутманалиев, Азамат Болгонбаев, Кубат Тукешов, Нурсултан Малдыбаев, Жамайка Токонова қатысты. Қазақстан мен Қырғызстан елінің мәдениет пен өнер қайраткерлерінен құрылған қазылар алқасының құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы - Жүрсін Ерман төрағалық етті. Қазақ пен қырғыздың әдеби мұрасын ортақтастырып, рухани қазынасын байытып, екі елдің достығын нығайтып өткен Сүйінбай мен Қатағанның, Османқұл мен Кененнің, Жамбыл Мен Тоқтағұлдың ізін жалғастырып, суырып салма ақындық өнерін кеңінен насихаттап жүрген айтыс өнерінің майталмандары кеңінен көсілді. Әсіресе Мақсат Аханов мен Жамайка Токонованың қыз-жігіт айтысы ерекше сәтті шықты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Көкшетау аспанын ән мен жырға бөлеп, көрермен көңілін шалқытып, дүбірлеп өткен осы айтыс ел есінде қалары анық. Түбі түркі, түлігі жылқы болған бауырлас екі ел қазақ пен қырғыздың достығын нығайтатын айтыс болды. 6 жұп ақын өз өнерлерін ортаға салды. Бес сағатқа созылған айтыста қазақ пен қырғыз елінің қос ақыны Амантай Кутманалиев пен Мақсат Аханов бас жүлдені еншіледі.
СНХ: АСПАНБЕК ШҰҒАТАЕВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН (ПАВЛОДАР): Қос бәйге қазақ ақыны мен қырғыз ақынына бірдей бас бәйге беру қазақтың тарихында бірінші рет. Осы Көкшетаудан басталған қасиетті үрдіс әлі де жалғасын таба берсін дейміз. Киелі Ақандар мен Біржандар, Үкілі Ыбырайлар шыққан қасиетті топырақтан Көкен Шәкеев секілді көк бөрілер түлей берсін деп тіледім. Ел аман,жұрт тыныш болсын ағайын. 01:10
СНХ: АЗАМАТ БОЛГОНБАЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ЕЛІНІҢ АЙТЫСКЕР АҚЫНЫ: Қырғыз, қазақ ежелден руханияты, мәдениеті, тарихы, намысы бір ел талассыз дәлел.Осы жолғы намысты да, тарихты да,руханиятты да жақындатып тұрған өнер. Бұл айтыс өнері. Айтыс өнері дүниеде қанша ел болса да, қанша ұлт болса солардың ішінде қазақ пен қырғызда ғана сақталған қасиетті өнер деп білемін. Бүгін қасиетті Көкшетауда қасиеті орнаған хандар шыққан, асылдар шыққан, батырлар шыққан Көкшетауда бүгінгі айтыс өзгеше болып жатыр деп ойлаймын. Осы жолғы айтыс бірлікпен ынтымақты насихаттаған өзгеше айтыс болды. Өйткені қазылар алқасыдағы бәрімізге бірыңғай 10 қоюы ақындардың да көңілін тауып, отырған елдің де көңілін тауып бір өзгеше айтыс болды. Қалғаны бұйрық. Айтыстың мақсаты бәйге алу емес, екі елдің арасындағы мәдениетті, руханиятты кеңйету деп білемін.
СНХ: АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ, АЙТЫСТЫҢ ЖҮРГІЗУШІСІ: Қасиетті Көкшетаудың төрінде осы кешегі хан өнерінің ордасы болған, қазақтың дүлдүлдері мен бұлбұлдарының атамекені болған біздің қазақ руханиятының, қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің алтын бесігі-Көкшетауда үлкен бір екі елдің жарастыратын, екі елді табыстыратын қазақ бен қырғыздың бауырластығын бекіте түсетін тамаша, айтулы өнер додасы болды деп ойлаймын. Бұл жобаның ерекшелігі сонда біздің сүйегімізге сіңген,ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан дәстүрлі өнерлердің басы қосылған.Ол: айтыс өнері, жыр өнері, терме, ән өнері және күй өнері.Осы атадан балаға мирас болып келе жатқан бес өнердің басын қосып тамаша бір екі елдің қапталдасқан өнер жәрмеңкесі болды. Ең басты ерекшелігі, бәйгенің өзі қос бәйге болды көрдіңіздер. Осы үлкен дода халық ақыны, қазақтың үлкен аузы дуалы ордалы ақыны Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналды. Көкен атамыз кешегі халық ақындары мен бүгінгі ақындардың арасындағы алтын көпір. Көкшенің төрінен осындай салтанат кетпесін!
РКС: Айтыс соңында өнер эстафетасы Қырғыз еліне жолданды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Аламан айтыстан соң ақындарға шығармашылық табыс тілеп, ауыздарына қашан да сүбелі сөз түссін деген ақ жарма тілегін жеткізді. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың киелі өнерін құрметтеп, жаңғырту, оны кейінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру – біздің міндетіміз екенін атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ниеті бір қырғыз бауырлар,ниеті бір жыр сүлейі Нысанбай жырау мен ордалы Орынбайдың еліне, Біржан сал мен Ақан серінің, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың, от ауызды Шөженің жеріне бүгін ғасырлық тойын атап өтіп жатқан айтыстың көк семсері Көкен атамыздың ауылына қош келдіңіздер! Айтыс өнерінің алыптары кешегі Жамбыл, Шашубайлармен бүгінгі айтыс ақындарының арасына алтын көпір бола білген халық ақыны , Қазақстан ақын-жыршылар одағының тұңғыш Президенті Көкен Шәкейұлы ағамыздың ғасырлық тойы көрермен ағайын құтты болсын! Манас жырын алғашқы зерттеп ғылыми айналымға енгізген, оны теңдесі жоқ рухани құндылық ретінде таныған ұлы ғалым шығыстың шоқ жұлдызы, ғұлама Шоқан Уәлихановтың туған елі Көкше жеріндегі осы жыр додасына қатысуға ниет білдірген бауыр қырғыз елінің, жампоз ақындарына, Қырғыз Республикасының жазушысы, Шыңғыс Айтматов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Ожабайұлы Иманалиевке облыс жұртшылығы атынан және өз атымнан қош келдіңдер деп алғыс білдіремін! Түркі әлемінің ұлы тұлғасы, кемеңгер жазушы Шыңғыс Айтматов өз сөзінде: маған қастерлі екі есім бар- деген. Бірі-Манас болса, екіншісі-Мұхтар Әуезов деп.Бұл ұлы жазушының қазақ даласымен, Қазақстанмен қазақ руханияты үндестігінің белгісі. Төл мәдениетіміз бен өнеріміз ғасырдан ғасырға жетіп, бауырлас қазақ-қырғыз халықтарының бүгінгі бейбіт тірлігі мен берекелі бірлігі мәңгілік жасасын! Өнер мерекесі құрметті қауым құтты болсын!
РКС: Шара соңы халық қазынасының жанашырлары,барлық өнерпаздарды марапаттау сәтіне ұласты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі атынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі Қырғыз елінен келген 3 өнер иесіне, бір манасшы, бір күйші, бір ақынға бұйырды. 1 орынға ие болған қырғыз елінің ақыны Азамат Болғонбаев пен қазақ елінің ақыны Нұрлан Есенқұловқа 1,5 млн.теңге көлемінде ақшалай сертификат берілді. Ал айтыстың бас жүлдесі 3 миллион теңге ақшалай сертификат қырғыз елінің ақыны Амантай Кутманалиев пен қазақ елінің ақыны Мақсат Ахановқа табысталды. Барлық қатысушы марапатсыз қайтқан жоқ. Ақшалай жүлде мен Мәдениет министрлігінің атынан Алғыс хаттар берілді.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ