ДИКТОР: Мұғалімдер күніне орай облыс әкімі Марат Ахметжанов білім қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шарада білім саласында өлшеусіз еңбек сіңірген мұғалімдер, ардагер ұстаздар марапатталды. Айта кетейік, бүгінде өңірде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласында 23 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
РКС: Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмола педагогтарын білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Мұғалімдерге өнегелі оқушылар, шығармашылық табыс, зор денсаулық және отбасылық амандық тіледі. Өткен оқу жылында жас ақмолалықтар республикалық олимпиадаларда 130-дан астам түрлі медаль жеңіп алғанын да атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Құрметті ұстаздар! Білім беру саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер кәсіби міндеттеріңізді адал әрі абыроймен атқара отырып, бүкіл облыс педагогтерінің мерейін биік дәрежеге жеткізіп келесіздер. Ақын Ғафу Қайырбеков – «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» дегендей, ұстаз болашақ тұлғаны ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды тәрбиелейді.
РКС: Бұдан соң үздік мамандарды салтанатты марапаттау кезегі келді. Атап айтсақ, педагогикалық кәсіптің 5 өкілі ҚР Білім Министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі және «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», сондай-ақ 20 мұғалім «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. 10 педагог өңір басшысының қолынан алғыс хаттар мен «Дискавери Бурабай» курорт-қонақ үйіне жолдама алды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Дидар Асқарова Қосшы қаласындағы мектеп-гимназиясының директоры. Балабақшадан бастап, бастауыш мектеп, орта буын, жоғары сыныптарға дәріс беріп, 26 жыл бойы еңбек етіп келеді. Ұстаздық жолында еселі еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
СНХ: ДИДАР АСҚАРОВА, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазіргі таңда енді, биылғы жылы ұстаздар үшін керемет мереке болып жатыр. Еңбегіміз бағаланып, Ыбырай Алтынсарин төс белгісімен марапатталып жатырмыз. Жалпы педагог-мастермін. Мектебіміз өте үлкен. Ұстаздық мамандық өте сауабы мол, жауапркелшілігі мол мамандық. Әрбір ұстаздың рахметті болуы өз оқушысының жеткен жетістігімен бағаланады. Сондықтан ұстаздар қауымына жалпы, мемлекетіміздің мұғалімідеріне мереке құтты болсын. Мықты денсаулық тілеймін. Мерейлеріңіз үнемі үстем болсын. Және бастысы біздің мектебіміздің , жалпы қазақстанның балалары аман болсын. Барлығы білімді болсын. Ал білім сапасын арттыру үшін саналы, сапалы білім беру үшін біз өзіміздің жұмысымызды әрі қарай жалғастыра береміз.
РКС: Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды. Музыкалық, ән-бимен қатар, жиналған қауым Қазақстанның ұлы педагогтары, тарихи тұлғалардың өміріне шолу қойылымын тамашалады.
ИНТЕРШУМ:
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ