ДИКТОР: Бәсекелестікті қорғау саласында заңнаманы бұзғандарға қатысты 3 тергеу жұмысы аяқталды. Сонымен қатар облыс аумағында экономиканың негізгі секторларындағы заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған шаралар да жүргізіліп жатыр.

РКС: Бәсекелестікті қорғау саласында жыл басынан бері заңдылықтарды бұзу белгілері бойынша бірқатар факті анықталды. Өңірлік департамент осыған орай 3 тергеп-тексеру жұмысын аяқтады. «Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы» облыстық филиалының әрекеттерінде кірме жолдардағы қызметке қатысты жосықсыз бәсекелестік белгілері анықталды.

СНХ: ОЛЖАС КӘКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы тарапынан жол берілген заң бұзушылықтарға жеке тоқталғым келеді. Мұнда ішкі нарыққа жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газының көлемі нарық субъектілері арасында біркелкі бөлінбеген. Осылайша бәсекелестікке қарсы іс-қимылдарға жол берілген. Тергеу қорытындысына сәйкес алдағы уақытта бәсекелестікке қарсы әрекеттерге жол бермеу туралы ұйғарым шығарылды.

РКС: Сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіне мониторинг жүргізу барысында автомобиль жолдары, көлік қызметтері, ғимараттар мен құрылыстарды жөндеу, темір-бетон бұйымдарын дайындау және электр энергиясын сату сияқты бәсекелестік ортаға жататын қызмет түрлерін жүзеге асыру фактілері де анықталды.

СНХ: ОЛЖАС КӘКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Нәтижесінде квазимемлекеттік секторының ұйымдары үшін көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру тоқтату талабымен 25 нұсқамалар шығарылды. Нұсқамалар орындалды. Департамент жанында жұмыс істейтін бизнес үшін кедергілерді анықтау және жою жөніндегі өңірлік кеңестің жұмысын ерекше атап өткім келеді.

РКС: Жыл басынан бері департаментте 84 арыз-шағым қаралды. Нарыққа қатысушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және барлық субъектілер үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету шаралары қабылданды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАИРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.