ДИКТОР: Өрт-тілсіз жау. Қарапайым ережелерді сақтамау және оған салғырт қараудың соңы орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін. Ерте көктем мен күз мезгілінде ормандардың өрттенуі жиілей бастайды.

РКС: «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесіне қарасты 23 мың гектарға жуық орман қоры бар. Күз мезгілінде орманды және дала алқабында қураған шөпті өртеу тілсіз жаудың орын алуына себеп. «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесіне Қыпшақ, Самарбай, Шағалалы орманды алқаптары кіреді. Биыл бұл аумақтарда өрт дерегі тіркелмеген.

СНХ: ТӨЛЕГЕН ТОМАНОВ, «БҰҚПА» ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауды сұраймыз. Өйткені күз мезгілінде қураған шөптің көптігінен өрт қауіпсіздігі өте жоғары. Сол мысалы, ол, мінекей ағашқа барған кезде мангал жағу, самауыр қою, автокөліктермен кіруге қатаң тиым салынады. Өрттің себептерін білесіздер, темекі тұқылдарын лақтырып кетеді, қоқыстарды тастап кетеді. Соның бәрін қатаң сақтауды сұраймыз. Мынау енді байлығымызды өзіміз сақтап қалмағанда кім сақтап қалады.

РКС: Тілсіз жаудың алдын алу үшін өртке қарсы тосқауыл ретінде минералданған жолақ, яғни жасанды түрде жыралар жасалған. Олар орман алқабымен шектесетін аумақтың учаскесін жанғыш материалдардан қорғайды. Шағалалы орман алқабында биыл 917 шақырым минералданған жолақ салу жоспарланған. Қазір жоспар толығымен жүзеге асырылды.

СНХ: СҰҢҒАТ ТИЫШТЫБАЕВ, ШАҒАЛАЛЫ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұдан бөлек, 200 гектар алқапқа ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланды. Осыған орай 20 гектарға қайың, 34 гектар аумаққа үйеңкі және 154 гектар жерге қарағай егілді. Жалпы 200 гектар алқаптың 18 гектарына ағаш көшеттері күзде отырғызылады.

РКС: Орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтамағандарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Айта кетейік, сәуірдің 8-нен күні бүгінге 27 адамға хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

САБИНА ЖАМШИТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ