ДИКТОР: Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім ошағы қолданысқа берілді. Бұған дейін оқушылар ескі мектепте, тіпті кейбірі Елордаға қатынап оқуға мәжбүр еді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Бұл - Ақмол мектеп-гимназиясы. Білім ошағында 1 мыңнан астам бала заман талабына сай білім алмақ. Оның 118-і бірінші сынып оқушылары. Соның бірі Манара Түркешованың немересі. Алдағы уақытта немересі заманауи мектепте сапалы білім алатына дән риза.
СНХ: МАНАРА ТҮРКЕШОВА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Шағын ғана ауылымызда жайлы мектеп аясында керемет осындай жаңа мектептің ашылғанына өте қуаныштымыз! Балалардың озық білім алуына, саналы тәрбиесіне барлық жағдайлар жасалған. Әр этажға көтерілген кезде заманауи көрініс. Болашақта осы мектептен көптеген ғалымдар шықсын, көптеген ұлтымызды, егеменді елімізді туын көкке көтеретін азаматтырдың шығуына шын жүректен тілектеспіз!
РКС: Білім ошағында 84 педагог бар. Қазір оқушылардың білім сапасы 63 процент. Мектеп білім сапасын одан әрі дамыту үшін алдағы уақытта Астана қаласының бірқатар университеттерімен меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Осылайша, білім сапасын 100 процентке жеткізбек ниетте.
СНХ: МАЙРА БАЙБОЛАТОВА, АҚМОЛ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біз енді мектеп-гимназиясы статусы деңгейінде анықталып жатырмыз. Сондықтан, қазіргі кезде бізде гимназия сыныптар ашылды. Алдағы уақытта біздің осы гимназия бағыты бойынша шеберлік өнерді, сонымен қатар журналистика саласы бойынша оқушыларды дамытуға кәсіптік бағдар беру жобасын қарастырып жатырмыз. Оқушылардың арасында өздерінің ынтасына байланысты, өздерінің таңдауына байланысты қытай тілін де дамытуды жоспарлап жатырмыз. Біздің Ақмола облысында үлкен, жақсы мектептер бар. Солардың қатарына қосылғымыз келеді. Яғни, білім сапасын көтергіміз келеді.
РКС: Елорданың іргесіндегі Ақмол ауылында бой көтерген жайлы мектептің ашылуына аймақ басшысы Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Бұл мектептің тағы бір ерекшелігі - ұлттық құндылықтарды насихаттау үшін оқушыларға арнайы клубтар бар. Қыздар ұлттық тағамдар дайындаса, ұлдар қамшы өреді. Айта кетейік, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім ошағында 150-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Алдағы уақытта қосымша тағы да арнайы камералармен жарақтандырылмақ. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,5 млрд.теңге бөлінді.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Целиноград ауданында ұзақ уақыт бойы халықтың көші-қонымен, демографияның өсуі себептерімен мектептердің тапшылығын туғыздарды. Сондықтан, құрылысты жоспарлаған кезде сіздердің аудандарыңызға көп көңіл бөлінді. Мысалы айтатын болсақ, осы Ақмола облысында ұлттық жобамен 9 мектеп салынып жатса, оның 7-уі осы Целиноград ауданында. Біздің еліміз болашақта қандай болатыны өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан, біздің жастарымыз білімді, еңбекқор, үнемшіл, әділ болып еліміздің болашағына бей-жәй қарамау қажет. Қадірлі оқушылар сіздер жаңа жайлы мектептің табалдырығын аттадыңыздар. Жақсы және үздік оқыңыздар!
РКС: Бүгінде еліміз бойынша әлі де 100-ге жуық 3 ауысымды мектеп бар. Алдағы уақытта оның 70 проценті 1 ауысымдық болады деп жоспарланып отыр. Ол жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында іске асырылмақ.
СНХ: ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: Мемлекет тарапынан соңғы 5 жылдың ішінде білім саласына бөлінген қаржы 2,7 есеге артып отыр. Егер осыдан 5 жыл бұрын 1,9 трл.қаржы бөлініп келсе, бүгінгі күні білім саласына бөлініп жатқан қаржы 5 триллионды құрап отыр. Кез-келген ірі қалаларға барсаңыз, сіз осы жайлы мектепке кіріп барсаңыз дәл өзіңіздің жайлы мектептен айнымайтын көрінісін көресіз. Бұл Қазақстанның қай бұрышында оқып жатса да, барлық балаларға біркелкі тең мүмкіндіктерді тудырту бағытындағы жасалып жатқан мемлекет тарапынан үлкен қолдау деп қабылдау керек.
РКС: Айта кетейік, Целиноград ауданына қарасты Қабанбай батыр, Қоянды және Қаражар елдімекендерінде де "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында білім ошақтары бой көтеруде. Бұл мектептер Республиканы күні қарсаңында ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ