ДИКТОР: "Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден - бір сом пара алған емеспін - қолым таза! Екіншіден, 1937-1938 жылдары орын алған қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін - арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін - жүзім таза!" Бұл - мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың сөзі. Ол небәрі 34 жасында Қазақ Үкіметінің тізгінін ұстап, әділ басшы бола білді. Биыл Нұртас Оңдасыновтың туғанына - 120 жыл!
РКС: Нұртас Оңдасынов 1904 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қазақ халқының біртуар азаматы жас кезінен ақ көшбасшылық қабілеті арқылы көзге түсті. 1938-1951 жылдар аралағында Қазақстан Үкіметін басқарып, елдің дамуына сүбелі үлес қосты. Нұртас Дәндібайұлы Мәскеудегі Жоғары Партия мектебін тәмамдаған соң, 1954-1955 жылдар аралығында Қазақстан Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарды. Сол уақытта елдің дамуына оң өзгерістер әкелетін заңдар шығарған. Халқына қалтқысыз қызмет еткен тұлға бірінші кезекте сауатсыздықпен күресті,-дейді қоғам қайраткері Мұрат Қажы Ыдырысов. Ол 2018-2020 жылдары өзінің "Абылай ханның қара жолы" экспедициясы аясында Түркістан облысын да аралады. Сол уақытта Нұртас Оңдасыновтың музейіне барып, оның өмірбаянымен танысты.
СНХ: МҰРАТ ҚАЖЫ ЫДЫРЫСҰЛЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Сонда ол нәбәрі 34 жаста ғана. 13 жыл жұмыс істеді. Біраз істегеннен кейін Риддерде жұмыс істеп жүрген Дінмұхаммед Қонаевты өзінің орынбасары қылып алады. Ол кісімен 9 жыл жұмыс істейді. Жаңағы соғыс уақытында 1938-1951 жылдардағы бүкіл қиыншылықтарды игерді. Сол жылдары халыққа қызмет етуге бүкіл күш жігерін жұмсайды. Москвадағы орталық комитетпен тығыз байланысып, зауаттар салады. Бүкіл халықты зауыт пен фабрикаға орналастырып үлкен қызмет атқарады.
РКС: Нұртас Оңдасынов 1942-1944 жылдары "Самарқан" деген белгісіз атаумен салынған металлургтер қаласына "Теміртау" деп өзгертті. Сонымен қатар, шалғайда жатқан елдімекендерде мұғалімдерді даярлайтын училище мен институтын ашқан. Нұртас Оңдасынов кино саласына да сүбелі үлес қосты. 13 жыл Қазақстан Үкіметін басқарған қоғам қайраткері өзінің қандай басшы болғанын "Біріншіден - қолым таза, екіншіден - арым таза, үшіншіден - жүзім таза" деген бір ауыз сөзбен-ақ нақты жеткізді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Ресейдің Мәскеу қаласында тұрып, ғылыми жұмыспен айналысты. Нұртас Оңдасынов 6 кітаптың авторы. Олар, "Қазақ-араб" және "Қазақ-парсы" сөздіктері мен "Араб текті қазақ есімдері" және "Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері" жайлы оқулықтар. Сонымен қатар, түрік сатиригі Мехмед Теуфиктің "Бұ адам" кітабын қазақшаға аударған.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ