ДИКТОР: Облыс бойынша бүгінгі күнге дейін 2 миллион гектарға жуық алқап немесе бар егіс орағының 40 процентке жуығы орылды. Бұл жұмыста Қорғалжын, Атбасар және Ерейментау аудандары көш ілгері келеді. Егін жинау науқанына тұрақсыз ауа-райы, жауын-шашын, желдің күшеюі сияқты табиғи циклондар тізбегі кедергісін келтіруде. Бірақ диқандар еш кедергіге қарамастан күндіз түні тынымсыз еңбектенуде.

РКС: «Қазгидромет» мекемесінің мәліметі бойынша, өңірде тамыз айында ғана 79 миллиметр жауын-шашын түскен, бұл нормадан шамамен 2,5 есе көп. Қыркүйек айында қазірдің өзінде орташа айлық көрсеткіштің 80 процентті түскен. Дегенмен осы күндері күн райы ашық. Облыс бойынша бір тәулікте астық жинау көрсеткіші 200 мың гектардан асады. Жалпы, орақ науқанын өткізуге ауыл шаруашылығы мен жүк таситын техникалар жеткілікті.

СНХ: КЕНЕШ ӘЛІМЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Ағымдағы жылы жалпы сомасы 28,5 миллиард теңгеге 901 техника сатып алынды. Олар бүгінгі күні егін орағы науқанына пайдаланылуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген бағдарламамен алуға республикадан қаражат бөлінді. Біздің облыста бұл 245 бірлікті құрайды. 15 миллиард теңгеге құрал-жабдықтар алынды.

РЗК: Астықты ысырапсыз жинап алу үшін шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету өте маңызды. Ақмола облысына 83 мың тонна кепілдік берілген дизель отыны бөлінген. Сату бағасы өткен жылдан бері көтерілген жоқ, тоннасы 250 мың теңге. Қазірдің өзінде шаруаларға 48 мың тоннаға жуық немесе жоспардың 60 проценті жөнелтілген. Астықты уақытында жинап алумен қатар оны сақтау да аса маңызды міндеттің бірі. Қазірдің өзінде өңірде 2,5 миллион тоннаға жуық астық бастырылған.

СНХ: КЕНЕШ ӘЛІМЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Егін қабылдауға жалпы қуаттылығы 4,3 млн тоннаны құрайтын 66 лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорны жұмылдырылған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 2,8 млн тонна астық сақтау орны бар. Осылайша, астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 7,2 миллион тоннаны құрайды, бұл облыста өндірілген астықтың сақталуын толық қамтамасыз етеді. Өңірде астық өңдеу зауытына 558 мың тонна астық түскен.

РЗК: Жаңа бидайдың 60 проценті 3 класс, жиналған дақылдың бестен бір бөлігі 4 класқа жатады. Сондай-ақ 462 тонна сортсыз бидай жиналды. Жауын-шашынның көп болуынан астық ылғалдылығы да бар. Жаңа егінді сақтау және кептіру үшін элеваторларға тәулік бойы жұмыс істеу тапсырылды. Жауын-шашын көп болған жағдайда егін жинау науқаны кешіктірілуі мүмкін. Дегенмен, шаруалар қолайлы ауа-райын пайдаланып барынша еңбектенуде.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.