ДИКТОР: Ақмола облысында алғаш рет 15 жыл ішінде кикбоксингтен әлем чемпионы шықты. Жастар мен кадеттер арасындағы әлемдік біріншілікте Павел Ушмугин алтын медаль иеленді. Тағы екі ақмолалық жарыс жеңімпазы атанды. Жастар ел құрамасы сапында өнер көрсетті.
РКС: Венгрияның астанасы Будапеште өткен әлем біріншілігіне 52 елден 800-ден астам спортшы қатысты. Павел Ушмугиннің кикбоксингпен айналысқанына 6 жылдан асқан. Әлемдік додада ол 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 4 қарсыласын жеңіп, ұздік деп танылды.
СНХ: ПАВЕЛ УШМУГИН, КИКБОКСИНГТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ: Қарсыластарымның алғашқысы Польшадан, екіншісі Британиядан, үшіншісі Украинадан, төртіншісі Түркия елінен. Жекпе-жектің ең ауыры британдықпен өткізгенім болды. Барлық спортшымен салыстырып қарағанда тәжірибесі және техникалық жағынан да ол басым түсті. 4 жекпе-жекте де есеп ашып отырдым. Төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жеттім.
РКС: Павелден өзге екі ақмолалық та жеңімпаздар қатарынан көрінді. Максим Алексеев күміс жүлдегер атанса, Мария Евченко қола медальды місе тұтты. Барлық спортшы «фулл-контакт» бағытында өнер көрсетті. Айта кетейік, спортшылардың бәрі «Banzai» клубында жаттығады.
СНХ: ДО-БИН ХЕГАЙ, «BANZAI» КЛУБЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: 70-ке жуық бала клубта жаттығады. Олардың ішінде 20-шақтысы чемпионаттарға қатысып жүр. 2 жыл ішінде спорт шеберлігіне 11 кандидат дайындап шығардық. Осынша уақытта спорттың осы түрінен Қазақстанның 7 чемпионы шықты. Оның үшеуі екі дүркін чемпионы болды.
РКС: Қазір спортшылар жаңа шыңдарды бағындыру жолында талмай дайындықтарын жалғастыруда. Олар енді қыркүйектің 24-і мен 29-ы аралығында Өзбекстанның астанасы Ташкентте өтетін Әлем Кубогында бақтарын сынамақшы.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ҚАЙЫРБЕК ТҮЛЕГЕНОВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.