ДИКТОР: Жылу беру маусымы да жақындап қалды. Қазір қазандықтарды жөндеу аяқталуға жақын. 92 процентке дайын. Қыстан қысылмай шығу үшін көмір қоры жасақталып жатыр ма? Тұрғындардың қарызы қалай өтеліп алынады? Тілшіміз Сабина Жамшитова баяндайды.
РКС: Жылу беру маусымы жақындаған сайын тұрғындардың да мазасы кететіні белгілі. Қыстан қысылмай шықсақ екен деген үміт әрқайсысының көңілінде тұрған сұрақ. Жылумен қамтамасыз етуге жауапты мамандар еш қорқыныш жоқ екенін айтып отыр. Көкшетаудағы екінші жылу қазандығындағы бірнеше шаң-көмір агрегатына жөндеу толығымен жүргізілді. Ал отынмен қамтамасыз етуге келсек, «Көкшетау жылу» кәсіпорны Екібастұз және Майкөбе көмірін жеткізу туралы келісім-шарт жасасқан.
СНХ: САМАТ СМАТАЕВ: Кестеге сәйкес қыркүйектің 6-сынан бастап көмір жеткізіле бастайды. Осы айда 40 мың тонна Екібастұз, 1 мың тонна Майкөбе көмірі келуі тиіс деп жоспарлап отырмыз.
РКС: Көмір, мазут қорына қатысты мәселе жоқ. Бірақ, тұрғындардың жылу мекемесіне қарызы шаш-етектен. Тұтынған жылу үшін берешек 140 миллион теңгеден асып кеткен. Оның 108 миллионы жеке тұлғалардың қарызы. Берешегін уақытылы өтемегендердің қарызы сот арқылы өндіріліп алынады. Жылжымалы және жылжымайтын мүліктері мен банктік шоттары бұғатталады. Қарыз уақытылы өтелмеген жағдайда заң жүзінде қатаң шаралар қолдануға мәжбүрміз,- дейді мамандар. Қазіргі уақытта борышкер азаматтарға заңды түрде іс қозғалған.
САБИНА ЖАМШИТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ