ДИКТОР: Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында ел болашағы үшін шешуші роль атқаратын бірқатар өзекті мәселені қозғады. Әсіресе білім беру саласына ерекше екпін түсірді. Жолдауда айтылғандай, мектептердің қызметін нығайту, педагогтардың біліктілігі мен әлеуметтік мәртебесін одан әрі арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет. Елдің кадрлық әлеуетін нығайтуда орта білімнің атқарар ролі орасан. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Келер жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп қолданысқа берілмек. Десе де, еліміз бойынша 1300-дей мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Мемлекет кепілдендірілген төлемдерге,оның ішінде жекеменшік мектептерді қаржыландыруға ниет еткендерге қомақты қаржы бөлуде. Мәселен, тек биылдың өзінде ғана, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге 134 миллиард теңге бағытталды.

СНХ: МАРАТ ЫБЫРАЕВ, ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұрнағы жылдары жемқорлық әрекеттер арқылы ақша жымқырғандардан тәркіленген қаржы инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде білім жүйесін жетілдіруге бағытталып жатыр. Жаңа мектептер бой көтеруде, «Жайлы мектеп» желісі салынып жатыр. Жемқорлардан қайтарылған қаржыға күрделі жөндеу жүргізіліп, оқыту-материалдық база нығайтылуда.