ДИКТОР: Облыстық полиция департаментінде 2010 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Үздік жедел уәкіл» байқауы өтті. Байқау түрлі жедел қызметтің 15 қызметкері арасында өткізілді. Әр қатысушы бірнеше кезеңнен өтті. Қолданыстағы заңнамалардан тест тапсыру, физикалық және атыс құралын меңгеру даярлығы дағдыларын көрсету, сондай-ақ арнайы комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу бойынша сайысты. Жедел уәкілдер күні бойы түрлі сынақтан өтіп, оның қорытындысы бойынша 10 жыл өтілі бар полиция майоры Дулат Илипбаев бірауыздан үздік деп танылды. Ол криминалды полиция басқармасының маңызды бөлімшелерінің бірінде қызмет етеді. Оның міндетіне қазіргі таңда өзекті интернет алаяқтықпен және киберқылмыспен күрес және алдын-алу жатады. Өңірлік байқаудың жеңімпазы республикалық деңгейде Ақмола облыстық полиция департаментінің намысын қорғамақ. Сондай-ақ, жеңімпаздардың үштігіне полиция капитаны Джамиль Газиев пен полиция аға лейтенанты Ғалымжан Мархабат кірді.

СНХ: ДУЛАТ ИЛИПБАЕВ, "ҮЗДІК ЖЕДЕЛ УӘКІЛ" ӨҢІРЛІК БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Осы жарыста мен үздік болып танылдым. Жарыста заңнаманы білу бойынша тест тапсырдық, тапаншамен аттық, дене шынықтыру жаттығуларын тапсырдық. Жарыс өте қиын болды. Барлық аудандардың жедел уәкілдері жақсы дайындалып келіпті. Жасы үлкендер болды, жасы кішілері болды. Барлығы жақсы дайындалып келіпті, осал қарсылас болған жоқ. Осындай жарыстар көп ұйымдастырылсын.