ДИКТОР: Ақмола облысы бойынша 20 колледжде 7,5 мыңнан астам студент техникалық мамандықтарды игеруде. Білікті кадрларды даярлау қажет, өйткені оларға сұраныс бар. Аймақта жыл сайын өндіріс ошақтарының саны артып келеді. Әсіресе қалалардағы ірі кәсіптік нысандарда жұмысшы маман тапшы. Степногорск тау-кен колледжі қандай жұмысшы мамандарды даярлауда? Тілші баяндайды.

РКС: Отандық өнеркәсіптің болашақ мамандары колледжде тәжірибеге бағытталған білім алады. Студенттердің басым бөлігі мамандықты мемлекеттік тапсырыс аясында дуальды оқыту әдісі бойынша игереді. Оқу орны бірқатар ірі кәсіпорынмен меморандумдарға қол қойған. Степногорск қаласында алтын, полиметалл және молибден өндіріледі. Сондықтан көбіне «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығы сұранысқа ие. Соңғы курс студенті Әсия Айдарханова таңдаған мамандығының арқасында жұмыссыз қалмайтынына сенімді.

СНХ: ӘСИЯ АЙДАРХАНОВА, ТАУ-КЕН ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мен Степногорск қаласында тудым. Біздің қалада бұл мамандық жақсы дамыған. Көп фабрика-зауыты бар. Бұл мамандықтың болашағы зор. Көптеген жұмыс орындар бар. Колледжде теориялық білім алып, енді біз практикада білім алып жатырмыз. Кейбір фабрика зауытта практика өтті. Өзімізді жақсы көрсеттік. Сондықтан бізді енді жұмысқа шақырып жатыр.

РКС: Колледж сонымен бірге тау–кен инженерлері мен техник-маркшейдерлерді дайындайды. Мұндай мамандар геологиялық барлау жұмыстары кезінде жер қойнауында өлшеулер жүргізеді. «Маркшейдерлік іс» мамандығы бойынша арнайы пәндердің оқытушысы Қайыролла Дәуірбек биыл мемлекеттік тілде оқытатын топтарға арналған оқу құралын құрастырып шығарды.

СНХ: ҚАЙРОЛЛА ДӘУІРБЕК, ТАУ-КЕН ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ АРНАЙЫ ПӘНДЕР ОҚЫТУШЫСЫ: Бұл біздерде арнайы аспаптармен жұмыс жасау мамандық болып келеді. Нақты дәл түсірте жұмыс жасау. Осы аспаптармен жұмыс жасайтын боламыз. Студенттерге қазіргі таңда теориялық, практикалық жағынан ең керекті кітаптардың бірі осы кітап болып табылады. Жалпы мамандық көп сұранысқа ие. Жалақысы жақсы, жұмыс та тез табуға болады. Ең керекті елімізде мамандықтардың қатарына кіреді. Ең ірі мамандықтар бірі. Жауапкершілігі мол.

РКС: Биыл 70-тен астам түлек жылу энергетигі мен электрик мамандығын алып шықпақ. Бұл мамандар өңірдің еңбек нарығына аса қажет. Қала мен облыстың кәсіпорындары колледждің әлеуметтік серіктестеріне айналуда. Осының арқасында студенттер өндірісте тәжірибеден өту кезінде еңбекақы да алады.

САБИНА ЖАМШИТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ