ДИКТОР: Биыл жұмысшы мамандықтар жылы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биыл техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, қоғамда еңбекқор маман болу идеясын насихаттау шарт. Елімізде тапшы мамандардың ішінде көлік жөндеу саласының жұмысшылары да бар.

РКС: Автобус парктеріндегі қоғамдық көліктер қала көшелерінде күн сайын таңғы сағат 6-дан кешкі 10-ға дейін жүреді. Мұндағы жүргізушілер ауысыммен жұмыс істегенімен, автобустар үздіксіз қатынайды. Сол себептен болар қоғамдық көліктер жиі істен шығады. Ең өзекті мәселе - әрине маман тапшылығы. Көлік жөндейтін слесарьлар барлық жерде қат. Мәселен "Сейнұр" серіктестігіннің жөндеу аумағында көлік жөндейтін екі-ақ адам бар. Максим Мутасов алдымен автобус жүргізушісі, кейін слесарь, қазір жөндеу аумағының шебері болып еңбек етуде. Жалпы жолаушылар тасымалдау саласындағы еңбек өтілі 20 жылдан артық.

СНХ: МАКСИМ МУТАСОВ, КӨЛІК ЖӨНДЕУ ШЕБЕРІ: Дәл қазіргі уақытта слесарь, автобус жүргізушілері мен кондукторлар жетіспейді. Маман тапшылығы бар. Көлік жүргізушісі болып ешкім жұмыс істегісі келмейді. Жұмыстың қиындығы мен еңбекақының аздығын алға тартады. Өздеріңіз білесіздер, адамдармен жұмыс істеу өте қиын. Ал менде қазір бір слесарь ғана еңбек етіп жүр.

РКС: Көлік жөндеу аумағына күніне 5, кей күндері тіпті 8 автобусқа дейін сынып келеді. Жүргізушілер амалсыздан слесарьлармен бірге жүріп жөндейді. Кейде жаңа деген көліктің өзі істен шығып жатады. Қажет бөлшектерді кей уақытта айлап күтуге тура келеді.

ЕСТ.ШУМ:

РКС: Бұл жерде шеберлер автобустың дөңгелегінен қозғалтқышына дейін жөндейді. Сол себепті білікті мамандарға деген сұраныс үнемі жоғары.

СНХ: АЗАМАТ АҚАНОВ, СЕРІКТЕСТІКТІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: Максим Михайловичтың қолынан көп іс келетін жақсы маман. Тәжірбиесі мол, адал еңбек етеді. Техникалық мамандар аз, жастар оқуын бітіргенімен түрлі себеппен өз мамандығы бойынша жұмыс істегілері келмейді.

РКС: Жолаушы тасымалдаумен айналысатын мекеме қызметкерлері жұмысшы мамандықтар жылында қоғамдық көлік саласының да мәселелері ескерілсе дейді. Өйткені, маман тапшылығының өзектілігі жыл сайын артып келеді.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ