ДИКТОР: Зеренді ауданы экономикалық жағынан тиімді аймақтың бірі. Бұл өңірде тау-кен өндіру және қайта өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған. Өсімдік және мал шаруашылығы да қарқынды. Жыл басынан бері аудандағы қаржылық емес сектордың кәсіпорындары 267 миллион теңгеден астам сомаға өнеркәсіп өнімін өндірді. Жалпы алғанда Ақмола облысының өнеркәсіп өндірісінің саласында Зеренді ауданының үлесі 28 процентке тең. Өзге де салаларда оң динамика байқалады. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жуырда ғана сайланған аудан әкімі Әсет Құрманғожин өңірдің бес айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
РКС: Зеренді ауданының аумағында бірнеше ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соның бірі «Altyntau Kokshetau» тау-кен байыту комбинаты. Жыл басынан бері аталған кәсіпорын 10 мың келіге жақын алтын, 120 келіден астам күміс өндірді. Айдабол спирт зауыты 336 мың декалитр өнім шығарды. Сүт зауыты 12 мың литрге жуық өнім сатты. Ал құс фабрикасы 326 тонна ет өндірген. Индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да қарқынды. Кәсіпкерлікті қолдаудың картасы бойынша Алексеев кен орнының каолин базасында тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүріп жатыр. «Qazaq Qaolin» серіктестігі жылына 100 мың тонна каолин өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен бірге 140 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Жоба құны 12,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Қазір нысанға қажетті құралдар Германиядан жеткізілуде.
СНХ: ӘСЕТ ҚҰРМАНҒОЖИН, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұдан бөлек, компанияның жеке инвестициясының есебінен энергиямен қамтамасыз ету нысанының құрылысы мен қосымша станцияны жаңғырту жұмысы жүзеге асырылды. Оған 442 миллион теңге жұмсалды. Қазір компания жобаны жүзеге асырудың ресми мерзімін 2026 жылға ауыстыруды күтіп отыр. Сол іске асса онда олар құрылыс-монтаж жұмысына кіріседі.
РКС: Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Жыл басынан бері ауданға 15 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылды. Мал және ауыл шаруашылығы салаларында да оң динамика байқалады. Ауыл шаруашылығы саласында 13 миллион теңгенің жалпы өнімі өндірілді. 7 мың тоннадан астам мал еті сатылды. Жыл басынан бері 1300 шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілді. Ауданда 2 мыңға тарта шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. «Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай картасы» бағдарламасы бойынша 6 өтінім мақұлданды. 5 жоба бойынша субсидия, 1 жобаға кепілдік берілді. Мұның бәрі аймақтағы кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етпек. Өңірдегі көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 8 жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Оның аясында аудандық маңызы бар жолдардың бірнеше бағыты жөнделмек.
СНХ: ӘСЕТ ҚҰРМАНҒОЖИН, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Аудан бойынша орталықтандырылғанауыз сумен жабдықтауды жақсарту аясында биыл 12 миллиард теңгеден астам сомаға 17 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның екеуі 2 жылдық жоба. Оған облыстық бюджеттен 822 миллион 700 мың теңге бағытталды.
РКС: Жыл басынан бері ауданда 500-ге тарта жұмыс орны құрылды. Әлеуметтік әріптестік аясында 20 миллион теңгеге жуық сомаға келісім-шарттар жасалды. Аудан бойынша 39 отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Жергілікті атқару органдардың шешемімен азаматтардың жеке санаты бойынша 1200-ге жуық өтінім берушіге төлем жасалды. 56 білім ошағы, мектепке дейінгі 47 ұйым жұмыс істеп тұр. Биыл Зеренді ауданы бойынша білім беру мекемелерін жөндеуге қатысты 10 жоба жүзеге асырылуда. Зеренді ауылындағы 1-ші, Васильковка, Приречное, Өркен және Қонысбай ауылдарындағы мектептерге күрделі жөндеу жүргізіледі. Ал Ақкөл, Бірлестік, Қарауыл Қанай би, Мәлік Ғабдуллин ауылдарындағы білім ошақтары және «Арайлы» балабақшасы ағымдағы жөндеуден өтеді. Сонымен қатар биыл Зерендідегі тарихи-өлкетану музейінің құрылысы басталды.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ