ДИКТОР: Елімізде 1 шілдеден бастап тауарлы газдың бағасы қымбаттады. Демек, өңірде газдың көтерме сауда бағасы бұған дейін текше метріне 33 теңге 3 тиын еді, енді 44 теңге 8 тиын болмақ. Осыған орай, облыс аумағында көгілдір отынға қолжетімділікті арттыру және газ құнының өзгеру себептерін халыққа түсіндіру мақсатында тұрғындармен кездесу өтті. Кездесуге Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, облыс және аудан әкімдіктерінің өкілдері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Жиын барысында бағадағы өзгерістердің себептері мен газбен жабдықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтылды.

РКС: Жиын барысында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов өңірдегі газбен жабдықтау инфрақұрылымының дамуына тоқталды. Мәселен, елімізде тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында ірі стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласында газ құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғаспақ. «Сарыарқа» магистральды газ құбырының екінші кезеңінде Көкшетау мен өңірдің тағы алты ауданына газ жеткізу көзделген.

СНХ: ЕЛДОС РАМАЗАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Жалпы, елорда іргесіндегі Қосшы қаласы, Аршалы және Целиноград аудандарында «Сарыарқа» магистральды газ құбырының бірінші кезеңі аясында газбен жабдықтау жобалары қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгінде Қоянды, Талапкер, Қараөткел ауылдары мен Қосшы қаласында табиғи көгілдір отынмен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Жобаны 2026 жылға дейін толығымен аяқтау жоспарланған. Ал «Сарыарқа» газ құбырының екінші кезеңінің құрылысы «Жанар-жағармай-энергетикалық кешенін дамыту» тұжырымдамасына сәйкес 2028 жылға межеленген. Бұл жоба Көкшетау қаласын және Шортанды, Ақкөл, Біржан сал, Бұланды, Бурабай және Зеренді аудандары сияқты өңірдің алты ауданын көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді. Аталған жұмыстар Энергетика министрлігі мен «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге асырылуда.

РКС: Бұдан соң Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек тұрғындарға газ бағасының қымбаттау себептерін түсіндірді. Мәселен, көгілдір отынның құны бірнеше жыл қатарынан өзгеріссіз қалып, қазіргі өсім осы уақыт ішіндегі жинақталған қажеттіліктерге байланысты орын алған. Вице-министрдің айтуынша, биыл елімізде 12,6 млн азамат орталықтандырылған газбен қамтылған, яғни бұл көрсеткіш 62 процентке жеткен. Алайда, тұтыну көлемі өндірістен әлдеқайда жоғары. Бұған қоса, «Қазақ ГазАймақ» компаниясы газды өзіндік құнынан төмен бағамен ұсынып отыр. Бұл шығындарды толық жабуға мүмкіндік бермейді.

СНХ: ҚҰДАЙБЕРГЕН АРЫМБЕК, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Қазақ Газ» компаниясы қолданыстағы бағалармен газды сатып алу, тасымалдау және республика аумағында тарату шығындарын толығымен жаба алмай отыр. Баға жоғарылауы газ инфрақұрылымын дамыту мен модернизациялауға қаражат бөлуге мүмкіндік беріп, жеткізудің тұрақтылығын арттыруға және өңірлерде газдандыру процесін жеделдетуге жәрдемдеседі. Бағаның өсуі, сондай-ақ геологиялық барлау және көмірсутектерді қайта өңдеу сияқты салаларға инвестициялар тарту мүмкіндігін тудырады және бұл саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

РКС: Ал тұрғындар газ бағасының бірден 30 процентке қымбаттауына наразылық білдірді. Кездесу барысында олар бағаның кезең-кезеңімен енгізілуін ұсынды. Олардың айтуынша, көгілдір отын бағасының күрт өсуі әсіресе әлеуметтік осал топтағы отбасыларға ауыр соққы болмақ. Зейнеткерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін бұл қосымша қаржылық салмақ түсіреді. Сондай-ақ тұрғындар газ бағасы халықтың жалақы деңгейіне сай белгіленуі керек деген ұсыныстар айтылды. Олардың пікірінше, баға саясатында ең алдымен қарапайым халықтың мүмкіндігі ескеріліп, әлеуметтік әділеттілік сақталуы тиіс.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Осы ретте министрлік «Әлеуметтік әмиян» атты пилоттық жоба әзірленіп, қолданысқа енгізілгенін жеткізді. Бұл жоба тауарлы газ бағасының өсуі жағдайында халықтың осал санаттарын қолдауға бағытталған.

СНХ: ЕРЖАН ҚОШҚАРОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ГАЗ ӨНДІРІСІ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әлеуметтік көмек алатын топтарға «Қазақ Газ» кәсіпорны 20-35 процентке дейін жеңілдікпен газ сатады. Мысалы, Ақмола облысында газ бағасы 30 процентке өссе, оларға 30 пайыз шамасында жеңілдік береді. Сол себепті әлеуметтік осал топтар бұл қымбаттауды жеңіл өткізу үшін жасалған. Кезең-кезеңмен алдағы 3-4 жылда осы бағаларды өзіндік құнын толықтай жабатындай деңгейге келтіру – біздің мақсатымыз.

РКС: Айта кетейік, газ саласын дамытуды қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарықта тауарлы газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы 5 жыл мерзімге бекітіледі. Жиын соңында министрлік тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлердің ескерілетінін жеткізді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ