ДИКТОР: Облыс бойынша жергілікті тұрғындар мен сырттан келетін қонақтарға жаңа бірегей әсер қалдыратын агротуризм белсенді дамып келеді. Ең ерекше бағыттың бірі бал өндірісі. Енді туристер табиғаттың сұлулығына тамсанып қана қоймай, ара шаруашылығы әлеміне де саяхаттай алады. Жаңа жобаның бірі Бурабай курорттық аймағындағы аралар мұражайы. Мұнда келген қонақтар араның биологиялық құрылысын, омарта шаруашылығының тарихын, өзге де қызықты деректерді біле алады. Экологиялық жүйе үшін бұл жәндіктердің маңызы да көрініс тапқан. Омарташылықты кәсіп еткендердің қолданатын құрал-жабдықтары да мұражайда тізіліп тұр. Музейді тамашалауға келгендер дәмі тіл үйіретін балдан дәм тата алады. Балды арнайы жәшіктерден алу процесі де келушілердің қызығушылығын тудырды. Бұл жерде шеберлік сағаты да өткізіледі.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АНДРЕЙ КРАСИЛЬНИКОВ, ОМАРТАШЫ: Қазақстанның агротуризм қауымдастығымен бірлесе отырып, «Аралар әлемі» деп аталатын жобаны қолға алдық. Соның аясында осынау жәндіктердің ғажайып әлемімен жұртшылықты таныстыру үшін осы музейді ашып отырмыз. Мұражайға келушілерге балдың жасалу барысын көзбе-көз көрсетеміз. Сонымен бірге түрлі балдың дәмінен де ауыз тиеді. Бал араларының тыныс-тіршілігін, қалай көбейетінін де сол сәтте тамашалай алады.

МАФТУНА НАЖИЕВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ