ДИКТОР: 10 тамыз қазақ елінің ұлы ақыны, ағартушысы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Елімізде 2020 жылдан бастап тойланатын мерекеге арналған «Абай – ұлы даланың ұлы ойшылы» тақырыбында Жазушылар одағының Ақмола облысындағы мүшелері мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен «Әдеби cafe» кеші өтті. Ақын-жазушылар дөңгелек үстел басындағы басқосуда Абай Құнанбайұлының шығармаларына шолу жасады.
РКС: Президент Қасым Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Ғұлама Абай-қазақ топырағынан шыққан әлемдік кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады»,-деп дара перзенттің даналық орнын айқындап көрсеткен. Өңірдің ақын-жазушылары да ұлы Абайдың шығармашылығын насихаттауға зор үлес қосып жүр.
СНХ: ҚУАНЫШ ОСПАН, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МҮШЕСІ: Қазір осы жерде Қазақстан Жазушылар Одағының біраз мүшелері Көкшетауға, елге танымал ақын жазушылар, сонымен қатар жастар, студенттер шоғырланып отыр. Өлең оқимыз, ән айтамыз, Абайдың өлеңдерін оқимыз. Жалпы Абай күніне байланысты биыл Ақмола облысында көптеген іс-шаралар жоспарланып отыр. Бұл соның алғашқы бастамасы.
РКС: Ұлы ақын Абай күніне орай аймақтың өнері мен мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан бір топ ақын-жазушы Қазақстан Жазушылар одағы мен облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
СНХ: НҰРИСЛАМ ӘБДІЛ, Ш. ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Жалпы барша қазақ елін, барша түркі жұртшылығын, төрткүл дүниедегі шашырап жүрген барша қазақ баласын ұлы ойшыл хакім, баршамыздың ұстазымыз, барша қазақ халқының данышпаны хакім Абайдың туған күнімен құттықтағымыз келеді. Әр қазақ, әр бала, әрбір адам, Қазақстанның азаматы Абай шығармашыығын оқу керек. Абайдың өмірі мен өнерімен, оның өнегесімен таныс болу керек. Сонда ғана біз толыққанды қазақ боламыз.
РКС: Әр жыл сайын мерекелеуге лайықты осынау күнде әдеби кештер мен өскелең ұрпаққа арналған шараларды ұйымдастыру және оны дәстүрге айналдыру мәдени, рухани құндылықтардың толысуына әкеледі.
САБИНА ЖАМШИТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ