Жүргізуші: Биыл Ақмола облысында тоғыз мектеп жабылады. Себебі оларда оқушылар саны аз. Қазір алты білім ұясының есігіне қара құлып салынса, қалғаны оқу жылы басталғанша жабылады. Сонымен қатар бес мектеп қайта құрылып, бастауышқа айналады.

КСМ: Зеренді ауданы Қызылегіс ауылындағы мектепте бар-жоғы 20 бала оқиды. Оқушы саны аз болғандықтан білім ұясы қысқартылады. Бастауыш мектепке көшіріледі. Ал балалар аудан орталығына қатынауға мәжбүр болады. Осы жағдайға байланысты кейбір отбасылар қалаға көшуді жоспарлап жүр. Мұғалімдер де жұмыссыз қалуы мүмкін. Олардың қатарында жас маман Манас Мүқеев те бар.

СНХ: МАНАС МҮКЕЕВ, ҚЫЗЫЛЕГІС АУЫЛЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ УАҚЫТША М.А.: Қазіргі кезде мектепте оншақты мұғалім жұмыс атқарады. Егер мектеп қайтадан құру жағдайына түссе, көп мұғалімдер жұмыссыз қалмақ. Яғни, математика мұғалімдері, қазақ тілі, әдебиет мұғалімдері сынды.

КСМ: Десек те ауыл тұрғындары мектепті сақтап қалуға ниетті. Көпбалалы отбасыларды ауылға көшіру үшін хабарламалар таратып жүр. Үй әперіп, жұмыс тауып беруге дайын.

СНХ: ЕЛУБАЙ МҰҚАШЕВ, ҚЫЗЫЛЕГІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Үй тегін болады. Сосын бір сиыр беріледі, оның шөбі, сабаны үйлеріне әкеп береміз, тегін болады. Жұмыс орындары бар ауылда, енді акиматта бар, сосын мектепте болады, егер мектеп жабылып қалмаса. Өзіміз жүріп, наводнение болған жерлерге өзіміздің қаражатымызбен барып, көп семьялармен сөйлесіп келдік.

КСМ: Көршілес Көктерек ауылындағы мектептің тағдыры әлдеқайда шешілген. Білім шаңырағы жабылатын болды. Бұған дейін негізгі мектеп болып, осында отызға жуық бала оқыған. Ал қазір ауылда бала саны азайып қалды. Сонымен қатар Ұялы және Бұлақ елді мекендеріндегі бастауыш мектептер жабылады. Тағы үшеуі бастауышқа дейін қысқартылады, дейді Зеренді аудандық білім бөлімінің басшысы Динара Кенжеболатова.

СНХ: ДИНАРА КЕНЖЕБОЛАТОВА, ЗЕРЕНДІ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Оқушы жетіспейді. Осыған байланысты мектептерді жабуға тура келіп отыр. Егер бастауыш мектепте бес баладан кем болса, онда мектеп жабылады. Бірақ біз алдын-ала санақ жүргіземіз. Тұрғындармен кездесеміз. Шешімді содан кейін қабылдаймыз. Статистикаға сүйенсек, аудан бойынша жабылатын немесе қысқартылатын мектептер көбейіп барады.

КСМ: Көрші ауылға қатынау үшін арнайы автобус бар. Егер елді мекен шалғай болса, оқушылар мектеп жанындағы интернаттарда жатып оқиды, дейді білім басқармасындағылар. Жалпы өңірде 340-тан астам шағын жинақты мектеп бар. Тұрғындардың ауылдан көшуіне және оқушылардың аздығына байланысты 2022 жылдан бері 15 білім шаңырағы жабылған.