Жүргізуші: Көкшетауда жылу-электр орталығы құрылысы бойынша жұмыстарды үшінші тоқсанда бастау жоспарланып отыр. Жобасы іске асыру мәселелері облыс әкімі Марат Ахметжановтың «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы өкілдерімен өткізген кеңесте талқылады.

КСМ: Өңір басшысы облыс орталығын жылумен қамтамасыз ету стратегиялық маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жылу-электр орталығы құрылысына ерекше көңіл бөлінеді. Біз барлық күш-жігерімізді салып, жобаны уәде етілген мерзімде іске асыруымыз керек», - деп атап өтті Марат Ахметжанов. Өз кезегінде «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов кеңеске қатысушыларды жобалық жұмыстардың басталуы және жобаны іске асыру жөнінде алдағы жоспарлар туралы хабардар етті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес «Самұрық-энерго» АҚ-мен жылу-электр орталығы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін өзектендіру рәсімі басталды және «Көкшетау жылу-электр орталығы» ЖШС құрылды. «ИНТЕР РАО-Экспорт» компаниясымен жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісімшарт жасасу келісу сатысында, жер учаскесін бөлу және бастапқы деректерді жинау мәселесі пысықталуда. Дайындық жұмыстары, атап айтқанда аумақты қоршау, кірме жолдарды салу, инженерлік ізденістер биыл 3-тоқсанында басталмақ.