ДИКТОР: Елімізде ана мен баланы қорғау әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс – қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет» екенін айқындап кетті. Бүгінде Ақмола облысында 20-дан астам әлеуметтік қолдау ұйымдары жұмыс істейді. Соның бірі - «Ана үйі» қоғамдық қоры.

РСК: «Ана үйі» қоғамдық қоры 10-жылдан артық жұмыс істейді. Жобаның басты мақсаты әлеуметтік жетімдіктің алдын алу. Осы уақыт аралығында «Ана үйі» облыстық филиалы 500 жуық нәзік жандыға қолдау көрсетті. Сондай-ақ, баласын тастап кеткісі келген 200-ден астам әйелмен жұмыс істеп, бала туған анасында қалған. Бүгінде 6 ана кішкентай балаларымен «Ана үйіне» орналасқан.

СНХ: ИРИНА СМОКВИНА, АНА: Қызымның әкесі Өзбекстанның азаматы. Біз Өзбекстанда тұрдық, Қазақстанға оралғаннан кейін, жолдасым Ресей еліне жұмыс істеуге кетіп, бізді алып кетуі керек еді. Бірақ оның жоспары өзгерген сияқты. Бүгін ара қатынасымыз үзіліп кетті. Сол себепті мен «Анам үйі» қоғамдық қорына келдім. Қордың қолдауы орасан зор. Ең әуелі баспанамен қамтамасыз етті. Кейін балаға қажетті заттармен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек психологтар кеңес аламыз.

РСК: Альмира Кирина қос баласымен бұл қорға екінші мәрте келіп отыр. Басар тауы, барар жері болмаған ана қоғамдық қорға қайта жүгінуден басқа амал көрмеген. Оған қоса кішкентай қызы церебралды сал ауруына шалдыққан.

СНХ: АЛЬМИРА КИРИНА, АНА: Қызымның бойындағы церебралды сал ауруы туғанда байқалған жоқ. Жарты жылдан кейін дерттің белгілері көріне бастады. Ана үйі тегін ота жасауға мүмкіндік беріп отыр. Енді операция жасау үшін құжаттарды жинап жатырмыз. Ол жүре алмайды, сөйлесе алмайды. Бірақ барлығын түсінеді.

РСК: Кішкентай Лиза үште. Жақын арада Қазақстандық «Мейірімділік» қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауымен Алматы қаласында аяғына операция жасалмақ. Айта кетейік, «Ана үйі» облыстық филиалының үйлестірушісі Құралай Жұмабекова. Ол 11 баланы қамқорлыққа алған.

СНХ: ҚҰРАЛАЙ ЖҰМАБЕКОВА, «АНАЛАР ҮЙІ» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Ана үйінде өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдер тұрады. Олар - көбінесе өмір сүру алгоритмін қалай құруды білмейтін категориядағы нәзік жандылар. Баласына және өзіне қалай көмектесу керек екенін білмейтін жандарға біз қолдау көрсетеміз. Аналар жарты жылға дейін осы үйде тегін тұрады. Бірақ бұл қатып қалған қағида емес, әр ананың жағдайына байланысты мерзім ұзартылуы да мүмкін. Тек жарты жыл ішінде біз оның бойында белгілі бір дағдыларды қалыптастырып, өмір сүруге бейімдейміз. Ол өз ресурстарын іске асыра алуы үшін, баланы жанында сақтап қалу үшін және қоғамға шығып, көздеген мақсаттарына жетуіне біз бар мүмкіндікті жасап отырмыз.

РСК: Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу сияқты өзекті мәселелерге қатысты халықаралық форумдар өтіп, әлемдік деңгейде талқылануда. Жақын арада «фостерлік», яғни кәсіби асырап алушы отбасын жобаға енгізу жоспарланып отыр. Бұл жоба баланы қабылдайтын ата-аналардың біліктілігін арттырып, тәжіребие жинақтауға мүмкіндік береді. Облыста бұл жобаны енгізу үшін ат салысып жатқан жанның бірі Құралай Жұмабекова. Айта кетейік, республика бойынша «Ана үйі» 10 мыңға жуық баланы жетімдіктен құтқарды. 7 мың сәби отбасыларына оралды, ал 3 мыңға жуық бала асыранды отбасының қамқорлығына алынды. Қоғамдық қор жобасы іске қосылғалы балалар үйінде тәрбиеленушілер саны 10 мыңнан 4 мыңға дейін азайды.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ