ДИКТОР: ҚР Ақпарат және Мәдениет Министрлігінің қолдауымен елімізде игі істер марафоны басталды. Осыған орай, Көкшетауда экологиялық бейсенбілік ұйымдастырылды. Марафонға 100-ден астам ерікті аула айналасын абаттандырып, арықтарды тазартты.

РКС: Игі істер марафоны 4 тақырып бойынша, 4 аптаға созылмақ. Әр тақырып облыс тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған. «Таза бейсенбілік» тақырыбы аясында қала көшелері мен аулалар, орман алқаптары және автомобиль тас жолдарының маңы қоқыстан тазартылды.

СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазақстан Республикасы Ақпарат және Мәдениет Министрлігінің бастауымен алған игі істер марафоны аясында Көкшетау қаласында "Таза бейсенбілік" өткізуді жөн көріп отырмыз. Осы марафон аясында әр апта бізге бөлініп қойған болатын. Бірінші апта "Экология" болса, кейін жастарға арналған іс-шаралар. Одан кейін қарттарға арналған және де инклюзивтік жұмыстар болып табылады. Әр аптаға міндетті түрде белсене қатысамыз.

РКС: Науқанға сан саланың мамандары да белсене қатысты. Олардың қатарында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілдері де бар. Айта кетейік, былтыр агенттіктің жанында еріктілер кеңесі ашылған болатын. Бүгінгі таңда жас мемлекеттік қызметшілер көптеген экологиялық шараларға қатысып, көше тазалығына өздерінің үлестерін қосуда.

СНХ: ӘСЕЛ БӨКЕН, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Біздің ойымызша мұндай іс-шаралар болып тұруы керек. Өйткені, қаланың тазалығы, әдемілігі әлеуметтік жағдайға, адамдардың көңіл күйіне әсерін тигізеді.

РКС: Келесі апта білім және мәдени ошақтарының аулаларына ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілмек.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ