ДИКТОР: Егер де кәсіпорын өз жұмысын толығымен тоқтатса, жұмыс барысында жарақат алып, салдарынан мүгедек болған жандар жәрдемақысыз қалуы әбден мүмкін. Ал, кейбір ұйымдар әлеуметтік мемлекеттік сатып алуларға қатысып, бағаны әдейі төмендетеді. Салдарынан, халық қажетті қызметті ала алмайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар көптеген мәселелерді Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Арсютинмен кездесуде көтеріп, талқылады.

РКС: Жиын барысында Мәжіліс депутатына «Бірлік» мүгедектер одағы жұмыс барасында көптеген қиыншылықтар бар екенін жеткізді. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды еңбекпен қамтып, әлеуметтік оңалту орталықтарына жіберу үшін мемлекеттік тапсырысты ұтып алу жеткіліксіз екенін қадап айтты. Келісім-шарттың мерзімі қысқа, салдарынан жоспарды толық орындауға мүмкін емес. Халық қалаулысына мұндай жобаларды жүзеге асыру мерзімін үш жылға дейін ұлғайту ұсынылды.

СНХ: НИКОЛАЙ АРСЮТИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Біз жаз, қыс мезгілінде аймақтарды аралап, халықпен кездесіп олардың өзекті мәселелерін тыңдаймыз. Содан кейін, көтерілген мәселелерді нақтылап, оны қай бағытта өзгертуге болатынын қарастырамыз. Парламент депутаттарының басты мақсаты - халық игілігі үшін заң аясында жұмыс істеу.

РКС: Кейбір пара-спортшылардың жандарына серік қажет. Алайда, оларға еліміз немесе шетел бойынша бару ақысы мүлдем төленбейді. Есту қабілеті нашар жандар - 3 топтағы мүгедектер. Бірақ, бағдарламадағы жеңілдік талаптарының дәл нақтыланбау салдарынан олар тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Депутат жиналғандарға көтерілген мәселелерді шешудің ықтимал жолдарын түсіндірді. Жиынға аудандардың өкілдері де қатысты.

СНХ: ВАСИЛИЙ ШИМАНСКИЙ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ МҮГЕДЕКТЕР МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КЕҢЕСШІСІ: Еліміз бойынша бізде жалғыз үлкен платформа бар. Онда халық пен аудан әкімдерінің кеңесшілері бірлесіп өзекті мәселелерді талқылайды. Қандай да бір мәселе болса, оны ең алдымен аудан әкімдерінің кеңесшілері қарастырады, яғни, ешқандай мәселе құр қалып қоймады. Біз көтерілген мәселені барынша бақылауға алып, шешуге тырысамыз. Осындай кері байланыс бары өте қуантады.

РКС: Депутаттардың негізгі қызметі - заң шығару. Сондықтан, халық көтерген өзекті мәселелер жеке бақылауға алынып, жан-жақты қарастырылады. Заңнамаға өзгерістер енгізу кезінде азаматтардың өтініштері басты назарда болмақ.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ