ДИКТОР: Есіл қаласында жаратылысы ерекше Владимир Белко есімді азамат тұрады. Бес мезгіл намаз оқып, үнемі қайырымдылық жасап жүретін оны жерлестері құрмет тұтады. Жақында ол Астанаға барып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалін алды.

РКС: Белорус ұлтының баласы Владимир Белко Есіл қаласында туып өсті. 2004 жылы осындағы №3 орта мектепті бітірді. Алматыдағы жол қатынастары университетін тәмәмдағаннан кейін туған ағасындай болып кеткен Талғат Әлжановтың ауыл шаруашылық құрылымына қызметке тұрды. Күні бүгінге дейін өзіне тапсырылған міндетті мінсіз орындап келеді. Соның айқын айғағы Владимир Белко көктемгі су тасқыны кезінде ерекше көзге түсті. Ол күні-түні жерлестерін айтып келмес апаттан құтқарды.

СНХ: ВЛАДИМИР БЕЛКО, ЕСІЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен көктемгі су тасқыны кезінде серіктестік басшысы Талғат Әлжановтың басшылығымен жұмыс істедім. Сі астында қалған көшелерді үйлерді тазарттық. Өзге де шаруаларды жүзеге асырдық. Ұжым болып, бірлесіп еңбек еттік. Бұл менің мұсылмандық және азаматтық міндетім деп есептеймін.

СНХ: ЖӘНІБЕК ҚАБЫЛХАНҰЛЫ ЕСІЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біз Владмирмен тай құлындай тебісіп бірге өстік. Ол қазақ балаларымен дос болды. Спортпен де бірге айналыстық. Қазақтың салт – дәстүрін берік ұстанады. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұсылман атанды. Қажылыққа барып келді. Осындай азаматтар достық пен бірліктің дәнекері деп есептеймін. Володя жақында Астанаға арнайы шақырылып, Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалін алды. Біз өте қуаныштымыз.

РКС: Белорус Владимирмен қазақ қызы Айгүл екеуі Даниэл, Тимур, Алан есімді ұлдарды және Раяна атты қызды тәрбиелеп өсіруде. Кешегі су тасқыны кезінде ерекше көзге түскен Есілдің елжанды азаматы Владимир Белконың ерлігі замандастарына өнеге.

Қ. МҰХАМЕДЖАНОВ, А. САДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ