ДИКТОР: Жыл басынан бері облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің әдеп жөніндегі кеңесінің 4 отырысы өтті. Онда 20 тәртіптік іс пен профилактикалық мәселе қаралды. Оның тең жартысы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық жөніндегі іс-қимыл туралы заңнаманы бұзуға қатысты. Ведомство мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін этикалық заңсыздықтардың алдын алуға ерекше басымдық беріп келеді.

РКС: Әдеп жөніндегі кеңес Зеренді ауданында өткізген көшпелі отырыс кезінде 3 іс қаралды. Оның қорытындысы бойынша кінәлілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы уәкілетті органдарға ұсынымдар жіберу туралы шешім қабылданды. Барлық айтылған ұсыныс орындалды.

СНХ: ДУМАН ӘБІЛЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ, ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ: Зеренді ауданы әкімінің орынбасары ішімдік ішіп алып, қызметтік көлікті басқарған. Ол жұмысынан босатылды. Бурабай поселкесінің әкімі сметалық құжаттамада көрсетілмеген қосымша жұмыстарды жүргізу туралы негізсіз талап қойған. Сол үшін оған қатаң сөгіс жарияланды. Бұдан бөлек, Қоянды ауылының әкімі мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шартқа сәйкес нақты атқарылмаған іске алдын ала төлем жасаған. Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның бұл ісі мемлекеттік қызметке кір келтіреді.

РКС: Департамент қызметіне бұдан бөлек қызметшілердің құқығын қорғау да кіреді. Тексеру қорытындысына сәйкес жыл сайынғы еңбек демалысын уақытылы төлемеудің 33 дерегі анықталды. Бір айға дейін төлем жүргізілмеген. Бұл заңға қайшы. Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша қызметкерлер өздеріне тиесілі соманы және уақытылы төлмегені үшін қосымша соманы да алды. Сонымен бірге іссаппар шығындарының уақытылы төленуі де тексерілді.

СНХ: ДУМАН ӘБІЛЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ, ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ: Жүргізілген сараптамаға сәйкес уақытылы төлем төлемеудің 95 және іссапар шығындарын төлемеудің 8 фактісі анықталды. Жалпы сома 244 мың теңгеге жуық. Мәселен, Атбасар аудандық құрылыс бөлімінің үш қызметкеріне іссапар шығыны төленбеген. Департамент араласқаннан кейін барып қана сең қозғалды. Дәл осындай дерек Көкшетау мен Степногорск қалаларының, аудандардың жергілікті атқарушы органдарында, мәдениет басқармасында және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында да орын алған.

РКС: Мұндай келеңсіздіктерге жол берген 6 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, әдеп жөніндегі кеңес 2 миллион теңге жуық сомаға заңсыз сыйақы төлеудің 15 фактісін анықтады. Негізсіз төленген сыйақы сомасын қайтару жөнінде жұмыс жүргізілді.

ЯНА КРЮЧЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ