ДИКТОР: Балташ Уәлиев бала кезінен күресіп, сан алуан жарыстарда жеңіске жеткен азамат. Ресейдің Свердловск қаласындағы спорт техникумын және Алматы мемлекеттік дене тәрбиесі институтын тәмамдап, 40 жылға жуық жасөспірім балуандарға бапкерлік етті. Зейнеткерлікке шықаннан кейін Зеренді ауданындағы өзінің кіндік қан тамған Қызылағаш ауылында шаруа қожалығын ашып, жұмыс істеуде.

РКС: Балташ Уәлиев кешегі Кеңес кезеңінде, еркін күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін жүлдегері болды. Оның әдіс айлалары жас балуандарға үлгі ретінде үйретілді. Талай той жиындарда жауырыңы жерге тимеді. Ол түйе балуан ретінде де танымал. Алматыда жоғары оқу орынын олимпиада чемпионы марқұм Жақсылық Үшкемпірікпен бірге бітірді. Бапкерлік қызметінде талай еркін күрес шеберлерін тәрбиелеп қанаттандырды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, туған ауылы Қызылағашта қазақтың ақ бас сиырларын өсіріп жүр.

СНХ:БАЛТАШ УӘЛИЕВ, ШАРУА: Ауылда өсіп, көкорай шалғынында күресіп өстік. Әкеміздің жанында жүріп, мал өсірудің қыр сырына қанықтық. Кырық жылға жуық спорт саласында басшылық қызметте жаттықтырушылық жұмыста болдық. Зейнеткерлікке шыққан сон туған ауылым Қызылағашқа тарта берді. Сүйтіп, Қызылсая ауылдық округінің аумағындағы өзім тұрған ауылдан 280 гектар жайылымдық жерді қырық жылға жалға алдым. Бас кезінде он шақты бас қазақтың ақ бас сиырын өсірдім. Бүгіндері оның саны еселеп артты. Жанымда балам Жалғаспен жақын інілерім жұмыс істейді. Күзге қарай малды семіртіп, етке өткіземіз.

РКС: Бұрынғы балуан бүгінгі шаруа Балташ Уәлиев мал өсірудің озық әдістерін тиімді пайдаланады. Жаңа туған төлдерді ветеринарлық - малдәрігерлік шаралардан өткізеді. 70-ке жақындап қалған ағасы жайлы жерлестері жылы лебіздерін білдірді.

СНХ: МАРАТ ЖҰМАҒҰЛОВ БИІКТЕСІН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біз Балташ ағаны бала кезімізден көріп өстік. Оның балуандық өнері бізді қызықтырды. Талай жарыстарда жеңіске жетіп жүргеніне қуандық. Енді міне, шаруа қожалығын ашып, зейнеткерлік жасында, туған ауылында еңбек етуде. Ол ақыл кеңес беруден қол ұшын созудан жалыққан емес.

СНХ: ЖАМБЫЛ ЖАНАТАЕВ, ҚЫЗЫЛСАЯ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Балташ Уәлиев ағамызды балуан ретінде бала кезімізден біліп, мақтан тұттық. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, туған ауылы Қызылағашта ақ бас сиырлар өсірумен айналысуда. Округ аумағындағы белсенді шаруаның бірі. Үнемі қолынан келгенше жерлестеріне көмек көрсетеді. Бапкерлік жұмыспен спорттағы басшылық қызметте тәжірибе жинаған. Балташ ағадан өзімізде ақыл кеңес аламыз. 70-ке жақындап қалса да ширақ. Одан ауыл жастары үлгі алады.

РКС: Балуан әрі бапкер ретінде елімізге танымал тұлға Балташ Жәменұлының туған ауылы Қызылағашта шаруасын шыр айналдырып жүргені, жанымызды жадыратты.

ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ