ДИКТОР: Қазақстанда 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бұл науқан 4 кезеңнен тұрады. Биыл 3-ші кезеңі. Міндетті шара көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін жеке тұлғалардың табысы мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

РКС: Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары өтуге міндетті. Оны мемлекеттік кірістер органдарына тұрғылықты жері бойынша 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсыну қажет.

СНХ: НАЗГҮЛ АЮПОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Декларацияны салық төлеушінің кабинеті, электрондық үкімет порталы арқылы электрондық түрде беруге болады. Сондай-ақ "e-Salyq Azamat" және "eGov Mobile" мобильдік қосымшасын қолдануға болады. 2-ші деңгейдегі банктерде 250-нысанды толтыру және ұсыну мүмкіндігі іске асырылды. Жалпыға бірдей декларациялауды нақтылау үшін бірыңғай республикалық 1414 платформасында байланыс орталығы іске қосылды.

РКС: Жалпы, декларациялаудың 3-ші кезеңі 93 мыңнан астам ақмолалықты қамтуы тиіс. Маусымның 10-на дейінгі ақпарат бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 43 мың жеке тұлға тапсырған. Айтпақшы, тұлға оны міндетті мүлде немесе толық орындамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

СНХ: НАЗГҮЛ АЮПОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бірінші рет ескерту. Бір жыл ішінде қайталап бұзса 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни 51 750 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Декларацияда толық, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту жасалады. Бір жылда қайталап бұзса 10 350 теңге төлшерінде айыппұл төлейді.

РКС: Толық ақпаратты мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен табуға болады. Сондай-ақ, әр аптаның сәрсенбісі мен бейсенбісінде департамент сұрақ-жауап форматында Zoom-конференциялар ұйымдастырады. Мамандар декларациялауды уақытылы тапсыруды тағы да ескертеді.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ