ДИКТОР: Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің күніне орай дәрігерлер Аллеясындағы ескерткішке медицина саласының мамандары гүл шоқтарын қойды. Пандемия кезінде көз жұмған ақ халаттылардың ерлігін еске алып, 1 минут үнсіздік жарияланды. Дүниеден өткен абзал жандарға құрмет көрсетуге медицина саласының мамандары жиналды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Пандемия кезінде ауыр дертпен күрескен дәрігерлердің еңбегі ел есінде. Облыс бойынша 15 дәрігер жұқпалы аурудан көз жұмған. Өзгенің өмірін өзінен биік қойған жандарға аллеяда ескерткіш орнатылған еді. Гиппократтың антына өмірінің соңына дейін берік болған жандарды әріптестері жыл сайын еске алып, құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырып келеді.

СНХ: АЙНАГҮЛ МУСИНА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бүгін барлығымыз медицина қызметкерлерінің аллеясына жиналдық. 2001 жылы санитарлық қызметттің мамандары негізін қалаған еді, кейін өзге де әріптестеріміз қолдап, қосылды. Күні кеше қайырымдылық акциясында таза сенбілік ұйымдастырылды, гүл отырғыздық. Бұл Ұлы Отан соғысында, тың игеру жылдарында және пандемия кезінде жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің құрметіне өткізілген шара.

РКС: Бүгінде облыста 560-тан астам денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның 500-дейі амбулаторлық-емханалық ұйым. Аймақта бұл жүйеде 8 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Өңірде медицина саласы басты назарда.

СНХ: НҰРЛАН АҚЫЛБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазір медицина жыл озған сайын қарыштап дамып келеді. Қаржылық қолдаудың арқасында медицина саласына мамандар да тартылуда. Бұл жұмыстың барлығы өңір тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатыр. Айта кетейік, бүгінде кадр тапшылығы біршама азайды. Ауылдық жерге жас мамандарды тарту мақсатында көтермеақыны 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін көтеру туралы ұсыныс қарастырылуда. Сонымен қатар, облыс әкімі мамандарды даярлау үшін 50 грант бөлді.

РКС: Кадрлар тапшылығы мәселесі біршама азайғанымен, әлі де өзекті. Терапевт, акушер-гинеколог, педиатр, хирург мамандар әлі де жетіспейді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ