ДИКТОР: Биыл көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері, прокурор Ғалым Елемесовтың туғанына 95 жыл. Осыған орай, Көкшетауда ғылыми конференция өтті. Жиналғандар жерлесіміздің абыройлы да қажырлы еңбек жолына шолу жасап, қызметке деген адалдығының жастарға өнеге екенін айтты.

РКС: Бар ғұмырын қоғам тыныштығы мен әділдік жолына арнаған прокурор Ғалым Елемесовтың ізбасарлары, туған-туыстары мен прокуратура саласының ардагерлері оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға аянбай тер төгіп, саналы ғұмырын заң саласына арнаған азаматтың есімін одан әрі ұлықтау, өскелең ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау және оның өмір жолына шолу жасау мақсатында ғылыми конференция өтті. Оған Ғалым Елемесовтың туған-туыстары, аға буын өкілдерінің ізін жалғастырып жүрген заң саласының мамандары қатысты. Жиналғандар прокурордың еңбекқорлығын, өз ісіне деген адалдығын, заңға деген беріктігін сөз етті.

СНХ: ҒАЛЫМЖАН ҚОЙГЕЛДИЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өзінің бар ғұмырын заңға қызмет етуге арнаған тұлғаның өмір жолы терең білім мен кәсіби шеберліктің, адалдық пен адамгершіліктің жарқын үлесі. Ол қадағалау саласында қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, сыныптық шеңге ақша төлеу, прокуратураны қаржылай қамтамасыз ету бағытында нақты сұрақтарды шешкен. Кадрларды іріктеу және тәрбиелеу мәселесін арнайы назарда ұстаған. Прокурордың іскерлік және моральдық қасиеттерін дамытуға білім алу мен тәжірибе жинақтауға жағдай жасаған.

РКС: Ұзақ жыл прокуратура саласында жемісті қызмет еткен Ғалым Бәжімұлы өмірінің 30 жылдан астамын құқық қорғау органдарына, оның ішінде 15 жылын Ақмола облысына арнаған. Қай өңірге барса да әріптестерінің арасында шын құрмет пен беделге ие бола білді.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Сол кісінің қасында жүріп, өнегесін көріп, адалдыққа, заңдылыққа қызмет жасап жатқан жігіттер бүгін, міне, осы егеменді Қазақстанның құқықтық саласында жұмыс атқарып жатыр. Енді бүгінгі такңда Президентіміз қойып отырған талаптар ол әділ Қазақстан, адал азамат деген нағыз осы біздің ағаларымыздың қойып кеткен ұстанымы деп айтуға болады.

РКС: Ғалым Елемесов прокуратурадағы қарбалас жұмысты абыроймен атқарумен қатар, ғылыми еңбекпен де айналысуға уақыт таба білген. Құқық тақырыбына қатысты екі монографияның, бірнеше мақаланың авторы. «Прокуратураның құрметті қызметкері» төсбелгісінің және «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері» атағына қол жеткізген. Ғалым Елемесовтың өмір жолы заң саласын таңдаған әр жас маманға үлгі.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ