ДИКТОР: Учаскелік полиция инспекторының міндеті – қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу. Тәртіп сақшылары өзі қызмет ететін аумақта отбасылық-тұрмыстық, қоғамдық заң бұзушылықтарды болдырмауға тырысады. Халықпен тығыз жұмыс істейді. Зеренді аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға лейтенанты Жаслан Қапанов органда 2007 жылдан бастап жұмыс істейді.

РКС: Қатаң мінез, темірдей тәртіп иелеріне мәртебелі қызмет қай уақытта болмасын қажетті әрі жауапты мамандық болып саналған.

СНХ: ЖАСЛАН ҚАПАНОВ, АУДАНДЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: Полициядағы алғашқы еңбек жолым 2007-ші жылы басталды. Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының патрульдік полиция батальонында 2014-ші жылға дейін еңбек еттім. Одан соң бірден Зеренді ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында, 5 жыл жол патрульдік полициясының полицейі болдым. 2020 жылдан бастап қазіргі қызметімдемін. Халықпен барынша тығыз жұмыс істейміз.

РКС: Полиция қызметкері болу үшін білім де, біліктілік те керек. Сабыр, төзім, қажыр-қайрат та сенімді серігіне айналуы тиіс. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиет саналады. Учаскелік полиция инспекторы бұл мамандықты жүрекпен таңдағанын айтады.

СНХ: ЖАСЛАН ҚАПАНОВ, АУДАНДЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: Бұл салаға келген бетте қауіпсіздік бағытында жұмыс істей бастадым. Еңбегімнің жемісі де бағаланып, қызметтік саты бойынша көтеріле бастадым. Учаскелік инспектор қызметі жаныма жақын, жүрегіме жылы тиді десем болады. Отбасы тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ. Балаларым мен жұбайым мамандығыма үйренген, қашан да амандығымды тілеп отырады.

РКС: Қоғамның қауіпсіздігі үшін тәулік бойы өз міндетіне мінсіз берілген полицейлердің ісі қандай құрметке де лайық. Қоғам тыныштығын күзететін олар уақытпен санас¬пайды.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ