ДИКТОР: Степногорск қаласында халықпен өткен кездесуде Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ағымдар мәселесі талқыланды. Республикалық деңгейдегі дін жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері спорт мектептерінің жаттықтырушыларымен, тәрбиеленушілерімен және колледж студенттерімен, жеке кәсіпкерлермен, мемлекеттік қызметшілермен әңгімелесті.

РКС: Радикалды діни ағымдар қатарының толығуы тоқтар емес. Адамдарды ұстап қалу үшін олар психологиялық қысым да көрсетіп, қорқытып, сөз бостандығы құқығын бұзуға дейін барады. Кездесуде «Заң және тәртіп», «Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ағымдар», «Деструктивті жалған діни ұйымдардың қаупі», «Қазақстан – зайырлы мемлекет», «Діни-құқықтық сауаттылық» сынды тақырыптар қозғалды.

СНХ: АСЫЛХАН БАТЫРХАНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ТАЛДАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ИНСПЕКТОР-ТЕОЛОГЫ: Біздің басты міндетіміз – жастарды барлық діни ағымдардан, түрлі секталардан қорғау, оларға араласпауды ескерту. Әсіресе, әлеуметтік желілерде түрлі діни ұйымдарға түсіп қалмау қажеттігін түсіндіру керек. Сондай-ақ, жастарға дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттаудың заңы мен жауапкершілігін насихаттау.

РКС: Тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу және ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етеді, - дейді ұйымдастырушылар. Өмірде өз орнын таппаған, рухани, отбасылық дағдарысқа тап болғандар, әсіресе жастар, радикалды діни ағымдардың ықпалына түсіп қалып жатады.

СНХ: СҰЛТАН ӘЗІМБАЕВ, СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ: Осы іс-шаралар біздің қазіргі жастарға пайдалы деп ойлаймын. Себебі, көптеген жастар діни жағынан қателесіп, басқа дінге ауысу жағдайлары болуда.

РКС: Кездесу соңында тұрғындарды діни ағымдарға тартудың алдын алу шаралары талқыланды. Ұйымдастырушылар дәстүрлі емес ұйымдар туралы түрлі мысал келтірді.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, АРДАК ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.